- Алдымен сүйекті суда қайнату арқылы майын шығару керек, - дейді Қайнарбек Махмет. – Бұл – өте күрделі жұмыс. Сондықтан екінің бірі қолға ала бермейді. Менің ата-бабаларымның көбі қолөнермен айналысқан. Атам темір балқытатын. Қолөнерге деген қызығушылық бала кезден басталды. Атамның әжеме сүйектен әдемі тарақ істеп бергені есімде. Үлкендерімізден қалған өнегелі істі қазіргі балалар ұмытпасын, осындай өнердің бар екенін білсін деген мақсатпен әртүрлі бұйымдардың жасалу жолын көрсетемін.

Қолөнерші 2014 жылдан бері оқушыларға ат абзалдарын өруді және ағаш өңдеп, түрлі мүсіндер жасаудың қыр-сырын үйретеді. Сабақтан тыс қолы бос кезінде де табиғи шикізаттарды пайдалану арқылы түрлі бұйымдар ойлап құрастырады. Оның ішінде былғарыдан жасалған картиналар, күміс белбеу, ағаштан ойылған шоқпар, ожау, табақ, тарақ, сүйектен жасалған қалам салғыш, пышақ, қобыз сияқты қолөнер туындыларын көруге болады. Тіпті, мүйізден жасалған көптеген композициялары бар.

- Бүгінде қолөнерге деген қызығушылығы жоғары бірнеше бала бар, - дейді ұстаз. – Олардың осы қызығушылығын жоғалтып алмай, әрі қарай дамыту үшін сабақта түрлі нәрселер ойлап табуға тырысамын. Ауылдан қара малдың сүйегін алғызып, қайнатып, түрлі фигуралар жасауды үйретудемін. Оқушыларым тұрақты түрде қалалық, облыстық, республикалық қолөнершілер байқауларына қатысып тұрады.

Айта кетерлігі, ұстаздық жолын Баянауыл ауданының Қаражар ауылында бастаған Қайнарбек Махмет ҚР Тәуелсіздік күніне арналған бейнелеу өнерінен білім беру қызметкерлері арасында өткізілген «Менің Қазақстаным» атты XIV облыстық шығармашылық сайыстың I орын иегері. Сонымен қатар, облыстық «Алтын қазына» көркем және сәндік-қолданбалы өнер бойынша балалар шығармашылығының көрме конкурсына қатысушыларды дайындағаны үшін алғыс хатпен марапатталды.

Айгүл Жүсіпова

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қолөнер, еңбек,