Бұл туралы облыстық туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқарманың бас маманы Нұрсұлтан Абыкешев мәлімдеді.

- Алматыдағы ел біріншілігінде Павлодар облысынан 10 спортшы сынға түсті, - деді Нұрсұлтан Абыкешев. – Максим Браун, Мария Полядьева мен Ксения Долгополова бірнеше сайыс түрінен бақ сынап, үздіктер қатарынан көрінді.

Павлодарлық Максим Браун ерлер арасында спринт, із кесу және жеке жарыс бойынша өнер көрсетіп, 3 сайыста да алтыннан алқа тақты.

Дәл сайыстар бойынша әйелдер арасында жарысқан Мария Полядьева үшеуінен де күміс медаль еншіледі.

Ал, Ксения Долгополова үлкен қыздар арасында із кесуден алтын медаль, спринтте күміс медальге қол жеткізді.

Еске салайық, биылғы маусымда Максим Браун Әлем кубогінің үш кезеңіне қатысып, ең жақсы нәтижесін Швециядағы алғашқы кезеңде спринттен 88-орын алып көрсеткен болатын.

Айта кетейік, биатлоннан Қазақстан кубогінің бірінші кезеңіне еліміздің 70 спортшысы қатысты.

Оразбек Саяхат

Фото: облыстық туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқарма

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, биатлоншы, Қазақстан кубогі, спорт