Мультфильм алғаш рет өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерінің назарына ұсынылды.

- Шығармашылық жобалардың ішінде Жаңа жыл қарсаңында түсірілген қысқа метражды фильмді атап өтуге болады, - дейді «Ертіс – адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекшісі Ризабек Исабеков. - Мультфильм құрастыру - жобалық офистің идеясы. Бұл - бірлескен жұмыс. ToU студенттері өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Біз сценарийді жазып шықтық. Әрі қарай жастар жұмыс істеді.

Анимациялық фильм келесі аптада әлеуметтік желілер мен YouTube желісі арқылы көрермен назарына жол тартады деп жоспарлануда.  Басты рөлдегі қарапайым кейіпкер ретінде көрсетілетін сарышұнақ балаларының  арманын жүзеге асыру жолында түрлі кедергілерге тап болады.  Оқиға желісінде қолдан жасалған  тосқауылдар – қағазбастылық мәселесі мен шенеуніктердің әрекеті көрсетіледі.

-  Туынды бірнеше сериядан тұратын болады, - дейді жобалық офис жетекшісі. – Сарышұнақтың балалары үшін әткеншек орнату туралы арманын жүзеге асыруға әрі қарай достары көмектеседі. Бұл жерде сарышұнақ өз бетімен өмір сүретін кәдімгі қыр адамы ретінде ұсынылады. Ол өзіне қалған байлықтан бас тартып, оны қоғамның игілігі үшін әлеуметтік нысан тұрғызуға жұмсайды. Ал оны шенеуніктер өздері атқарған іс ретінде көрсеткісі келеді.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Светлана Воронова

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам