Облыстық ТЖ департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Екібастұз өңірінің құтқарушылар пультіне бүгін, 23 қаңтарға қараған түні сағат 04:00 шамасында 40 апта жүктілік мерзіміндегі әйелді әкеле жатқан жедел жәрдем көлігі қар құрсауында қалып қойғандығы туралы хабарлама түскен.

- Оқиға орнына көмек көрсету үшін жедел түрде «Трэкол» жол талғамайтын көлік құралымен 2 құтқарушысы бар жедел құтқару жасағының кезекші ауысымы жіберілді, - деді департаментте. - Сондай-ақ екінші жедел жәрдем көлігі шықты. Алайда ол қаладан 15 шақырым қашықтықта қар құрсауында қалып қойды. Құтқарушылар 2 медициналық қызметкер мен жолда тұрып қалған автокөліктен екі адамды, яғни, босанатын әйелді жұбайымен бірге қар құрсауынан алып шықты.

Жедел-құтқару жасағы сағат 06:36-да Екібастұз қаласынан 15 шақырым жерде орналасқан емдеу мекемесіне тасымалдау үшін күтіп тұрған жедел жәрдем көлігіне жолаушыларды алып барды. Құтқарушылардың жедел іс-әрекетінің арқасында босанатын әйел дер кезінде ауруханаға жетті.

Облыстық ТЖ департаментіне дәрігерлер жедел көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді.

pavlodarnews.kz

Тэги: Екібастұз, жедел жәрдем, ТЖ, Павлодар облысы