Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің басшысы Сейфолла Қасымқанов мәлім етті.

- Өтініштердің көп бөлігі жер қатынастары саласына қатысты,- дейді Сейфолла Қасымқанов. - Бұл өтініштердің барлығы жергілікті атқарушы органдардың жер пайдалану құқығын беруден бас тартуымен байланысты. Десе де, мәселелердің шешілгеніне қарамастан, Павлодар қаласы әкімдігінің отырыстарында теріс қаулылар қабылданады немесе сұрақтар қараудан алынып тасталады. Көбінесе мәселені пысықтауға жібереді. Мұндай жағдай кәсіпкерлерді сотқа жүгінуге мәжбүр етеді.

Бөлім басшысының айтуынша, кәсіпкерлерге бос жатқан жер учаскелеріне онлайн-қолжетімділік болуы тиіс. Осыған байланысты тұрғындарға қолжетімді болуы үшін геопортал - интерактивті веб-бағдарланған картографиялық ақпараттық жүйе енгізілуде. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 298,9 миллион теңге бөлінген.

Сондай-ақ ӨКП-ның сарапшылары 2019 жылы 73 соттық процесске қатысқан. Облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің талқылауына «Павлодар автокомбинаты» ЖШС-нің интервал бойынша шағын класты автобустарға бақылаудың болмауы шығарылған.

- Кеңес отырысының қорытындысы бойынша Павлодар қаласы әкімінің атына шағын класты автобустардың қозғалыс кестесін сақтау үшін бақылауды жаңарту қажеттілігі туралы хат жолданды, - дейді Сейфолла Қасымқанов. - Содан кейін бұл мәселе оң шешімін тапты. Бұдан басқа, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары сот шешіміне сәйкес ҚР Әкімшілік кодексі бойынша айыппұл сомасын 30 пайызға төмендетуге көмектесті. Бұл қандай да бір кәсіпорынның қаржылық жағдайына айтарлықтай әсер етеді, өйткені айыппұл сомасы өзгереді.

Айгүл Жүсіпова

Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкер, бизнес, жер