Отырыс барысында кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берген шаһар басшысы қаланы қардан тазалау мәселесіне қатысты пікірімен бөлісті. Қайрат Нүкенов аталмыш мәселенің өзектілігін мойындады.

- Қала бойынша мұндай мәселе бар, - деді Қайрат Нүкенов. – Соның бір себебі – қаламызда көптеген жылдар бойы бұл іс монополизацияланған. Яғни, қаланы қардан тазалау ісі бір фирмаға ғана жүктелген. Сол себепті, аталған мердігер жылдан-жылға қаржыландыруды күшейтуді талап етіп, қаладағы саябақтарды тазалаудан бас тартқан.

Шаһар басшысы атап өткендей, 2018 жылы бұл іске қалалық бюджеттен 1,428 млрд теңге, 2019 жылы – 1,3 млрд теңге бөлінген. Алайда қанағаттанбаған мердігер биыл – 1,5 млрд теңге бөлуді өтініп, 2020 жылы бұл соманы 2 млрд теңгеге дейін арттыруды сұрауда.

Мердігер ұйымның жұмысы болса, сұрақтар туындатуда. Павлодар әкімі айтып өткендей, жүргізілген тексеріс нәтижесінде мердігер күніне өзі айтқан 2,5 мың тонна қардың орнына күн сайын қаладан небары 1,6-1,8 мың тонна қар шығарады. Ендігі уақытта мұндайды болдырмау үшін қоқыс шығару полигонында автотаразы орнатылмақ. Таразы ақпан айының ортасында жеткізіледі деп күтілуде.

Осы айтылған мәселенің барлығын санамалап өткен қала басшылығы облыс орталығын қардан тазалау жөніндегі қаржыландыруды бөлшектеп, конкурсқа басқа да мердігерлер тартылатынын айтты.

Қайрат Нүкеновтің пікірінше, бұл қадам аталған істегі бәсекелестікті күшейтіп, жұмыс сапасын арттырады.

Айта кетейік, Павлодарды қардан тазалау ісімен «Горкомхоз-Павлодар» ЖШС айналысады.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Қайрат Нүкенов, қар, қардан тазалау, мердігер, мемлекеттік сатып алу