Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері алдында есеп берген Павлодар әкімі Қайрат Нүкенов жиылғандарды облыс орталығы тұрғындарын мазалаған жер асты сулар деңгейінің көтерілуі мәселесінің жай-күйімен таныстырды.

- Екінші Павлодар мен Зеленстрой мөлтек аудандарында жыл сайын су деңгейі көтерілетіне монополистер жұмысы себепкер екенін түсіндім, - дейді Қайрат Нүкенов. – Оған қоса, инженерлік коммуникациялар әбден тозған. Жиі қайталанатын құбырлардың жарылуы кері әсерін тигізеді.

Шаһар басшысының айтуынша, аталған екі мөлтек ауданда барлығы дерлік салынған септіктер дұрыс тұрғызылмаған. Оның үстіне жеке меншік сектордағы су көбінде-көп кәріз жүйесі жоқ жерлерге тартылған. Сол себепті, тұрғындардың біразы өз-өздерін суға батыруда.

Дегенмен, Екінші Павлодарда көктемде іске қосылатын кәріз желісі мәселені шешуге зор үлесін қосады деп күтілуде.

- Биыл наурыз айында Екінші Павлодарда кәріз желісі іске қосылады, - дейді Қайрат Нүкенов. – Содан соң тұрғындар бұл желіге өздігімен қосылулары керек. Бәрі ойдағыдай болса, жер асты суларының деңгейі күрт төмендейді. Тіпті дренаж жүйесін салу қажет болмай қалуы мүмкін.

Оның үстіне «Павлодар-Водоканал» ЖШС Минин мен Үлкен айналмалы жол арасындағы Геринг көшесі бойында ұзындығы 1,5 шақырым су құбыры жаңартуды жоспарлауда.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Екінші Павлодар, Зеленстрой, су тасқыны, жер асты сулар, Қайрат Нүкенов