Қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Аманбек Ұнатұлының айтуынша, былтыр облыс орталығына еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінен 22 отбасы, шет мемлекеттерден 14 отбасы көшіп келген. Қоныс аударушыларға «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының үшінші бағыты бойынша көмек көрсетіліп, еңбекке жарамдылары жұмысқа орналастырылды.

- Жыл басынан бері 9 отбасы — 37 адам көшіп келу жөнінде өтініш берген, - дейді Аманбек Ұнатұлы. - Биыл «Еңбек» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келушілерге де жағдай жасауға мүмкіндік туды. Жергілікті билік біздің өңірге қоныс аударып, тұрақтауға ниеті бар азаматтарды әрдайым қолдауға әзір.

Оның сөзінше, көшіп келгендердің барлығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, тиісті жәрдемақылары берілді.

- Отбасының әрбір мүшесіне жол шығыны ретінде 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік көтермеақы төленеді, - дейді бөлім басшысының орынбасары. - Бұл еліміздің ішінен қоныс аударғандарға да, сырттан көшіп келгендерге де бірдей төленеді. Сонымен қатар, бір жылға дейін пәтер жалдау ақысы беріледі. Бір айға - 20 АЕК. Бұл – ең төменгі сома. Егер жанұяда 2-4 адам болса –  25 АЕК, ал отбасы мүшелерінің саны төрттен жоғары болса – 30 АЕК мөлшерінде беріледі. Пәтерақының ақшасы ай сайын төленіп тұрады. Бірақ жеке баспана сатып алуға әрекеттенгендер болса, бір жылдың ақшасын бір-ақ алуға да болады. Ол үшін үйді сатып алу жөніндегі келісімшарты болу керек.

Айта кетерлігі, өткен жылы көші-қон бағытына бөлінген квота толық игерілген. Ішкі көші-қон бағдарламасымен көмек алғандардың барлығына осы жаққа кем дегенде бес жыл тұру міндеттеледі. Егер қайта көшіп кететін болса, алған қаражаттың барлығын бюджетке қайтарады.

 

Фото: baribar.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам