Облыстық білім беру басқармасының мәлімдеуінше, материалдық-техникалық базаны және инженерлік-педагогикалық ресурстарды барынша пайдалану мақсатында   2019 жылдың қазан айында ОӨК ашу туралы шешім қабылданған.

- Аймақтағы агротехникалық колледждер, Екібастұз политехникалық колледжі, Ақсу қара металлургия колледжі, Павлодар қызмет көрсету саласы колледжі базасында оқу-өндірістік кабинеттер жұмысын бастады. Онда жалпы 3195 адамның қамтылуымен 10-11-сынып оқушылары үшін сабақтар өткізіледі. ОӨК-нің негізгі міндеті - оқушыларға жұмысшы кәсіптің негізгі дағдыларын үйрету, одан әрі біліктілікті арттыру, - дейді  басқарманың баспасөз хатшысы.

Ол үшін білім беру мекемелерінде материалдық-техникалық база жеткілікті. Бұл жерде оқушылар автокөлік жүргізу, компьютерлік графика, тігінші, шаштараз және  тағы басқа мамандықтардың қыр-сырын үйренеді.

Сонымен қатар, облыстың мемлекеттік колледждер базасында WorldSkills чемпионаттарына дайындық бойынша штаб құрылды. Колледж жанынан мектеп оқушыларына арналған «Кубик рубик», «Робототехника», «Модельер» үйірмелері ашылды.

Айта кетерлігі, өңірде барлығы 44 колледж бар. Оның 29-ы мемлекеттік болса, қалғаны – жеке меншік.

 

 

Фото: baq.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім