Шараны «Бәйімбет Байтайлақ батыр» қоғамдық қоры мен Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы ұйымдастырған.

«Асыл тек» медалі Жеңісбек Қадырұлына қазақ спорты мен циркі өнерінің дамуына қайталанбас өзгеше өнер қосып, «Гиннес рекордтар» кітабына есімі алтын әріппен жазылып, қазақ руханиятының дамуы мен рухани жаңғыру жолында зор еңбек сіңіргені үшін табыс етілді.

 - «Асыл тек» деген алтын медаль асылдан туған текті деген мағынаны білдіреді. Бұл шараға кештің құрметті қонағы ретінде қатыстым. Сондай-ақ республикалық аймақтық, облыстық ақындар мүшәйрасының бірнеше дүркін жеңімпазы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ерболат Баятұлы, көптеген әдеби, тарихи танымдық мақалалар мен жинақтардың авторы, ҚР Ақпарат саласының үздігі Асылбек Байтанұлы мен мамандығы ұстаз, белгілі азамат Қаз Бәкейұлы шақырылды, - дейді Жеңісбек Қадырұлы.

2019 жылы Жеңісбек Қадырұлы экстремал жанры бойынша «Темір адам» ретінде Қазақстанның рекордтар кітабының сертификатына ие болған. Дүниеге келгенде салмағы бес келі болып туған баласын анасы Шәрбану көп уақытқа дейін ешкімге көрсетпей өсірген.

Үш жасында ойнап жүріп, үлкен қозыларды ұстап мінгенде белін сындырып жіберген кезі болған. Пышақпен денесін кесіп, өткір араның жүзіне, шынының үстіне жатып, үстінен он шақты адамды өткізетін экстремал тісімен 32 келілік кір тасын көтереді.

Талай мәрте пышақпен денесін кестіріп, өткір араның жүзіне жатып, үстінен он шақты адамды өткізген. Сондай-ақ, екі шынашағымен 16 келі екі кір тасын, ал тісімен 32 келі кір тасын көтеріп, өнер көрсеткен.

ҚР «Мәдениет майталманы» медалімен марапатталған.


Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам