Жұмыс сапарының барысында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарымен бірге аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов та болды. Бірінші кезекте олар Новочерноярка ауылына барып, орталықтандырылған жылудың жоқтығына шағым айтқан тұрғындармен кездесті. Тұрғындардың айтуынша Новочернояркада 16 көппәтерлі тұрғын үйлердегі пәтерлер ішіндегі пештерге көмір жағу арқылы жылытылады.

Ауылда қазандықтың құрылысын жүзеге асырып, оның жылу желісіне тағы да бес әлеуметтік нысан, атап айтқанда, мектеп, бала бақша және дәрігерлік амбулатория қосу жоспарланып отыр.

Бауыржан Байбек аталмыш жобаның жүзеге асырылуы Nur Otan партиясының бақылауына алынғанын атап өтті.

Бұдан кейін Бауыржан Байбек полипропилен мен метил-трет-бутил эфирін жасап шығаратын «Нефтехим LTD» ЖШС-ің жұмысшыларымен кездесті. Тараптар әлеуметтік және еңбек қатынастары саласындағы мәселелерді талқылады.

– Қазіргі кезде Павлодар облысы  еліміздің өнеркәсіп пен энергетика саласындағы көшбасшыға айналды, – деді Бауржан Байбек. – Елбасының бастамасы бойынша құрылған индустрияландыру бағдарламасының арқасында өңірде мыңдаған жұмыс орындары құрылды. Жұмыспен қамтумен қатар, еңбек етудің жайлы және қауіпсіз шарттарын қалыптастыру қажет. Ол үшін бастауыш партия ұйымдары кәсіподақтармен бірлесіп, кәсіпорындардың басшылығына қызметкерлердің шағымдары мен өтініштерін жеткізулері тиіс. Ешбір мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл дегеніміз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын тәжірибе жүзінде іске асыру болып табылады.

Партия делегациясы соңғы бірнеше жыл бойы жерасты сулары басу қаупі бар Екінші Павлодар ауданында да болды. Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкеновтің айтуынша мәселені шешу үшін кәріз желісі тартылып жатыр.
Бауыржан Байбек партияластарына бұл жұмысты бақылауға алып, желілер сапалы түрде тартылуын қадағалауды тапсырды.

Nur Otan партиясының облыстық филиалында партия басшысының бірінші орынбасарының төрағалығымен XXIX кезектен тыс конференция өтті. Конференцияда аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов партияның облыстық ұйымының басшысы болып сайланды.

Бауыржан Байбек жаңа төрағаның жетекшілігімен павлодарлық партиялықтар тұрғындардың мәселелерін шешуді жалғастырып, өңірде жүзеге асырылатын жобаларға сапалы бақылау жүргізетіндеріне сенім білдірді.

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Nur Otan, Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысы, Бауыржан Байбек