Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуов қонақ үй бір сәтте 40 адамды күте алатынын атап өтті.

- Ғабдул Уахит хазіреттің кесенесіне келгендерге жағдай жасау үшін Садық-Ащы ауылындағы бастауыш мектептің ғимараты «Ертіс орманы» резерватына беріліп, қонақ үй ашылды. Қонақ үйдің бір сәтте 40 адамды қарсы алатын мүмкіндігі бар. Алдын ала қоңырау шалып, тамақтарға да тапсырыс беруге де мүмкіндік бар, - деді Әзілхан Әбеуов.

Аудан әкімінің айтуынша, қонақ үйдегі бөлмелерді жалға алу құны 3 және 5 мың теңгені құрайды.

- Қонақ үйде стандарт және VIP бөлмелер бар, - деді Әзілхан Әбеуов. – Жыл бойы жұмыс жасайды. Су, әжетхана бойынша мәселе шешілген. Қонақ үйдің спорт залы бар. Алдында заманауи монша салынды. Туристерге жағдай жасалған. Алдағы уақытта маңайында аудандық сенбілік өткізу ойымызда бар.

Қонақ үйден Ғабдул Уахит хазірет кесенесіне дейінгі 3 шақырым жолды келушілер жаяу және ауылдан ат мініп жүріп өтуіне болады.

Айта кетейік, облыс орталығынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан Ғабдул Уахит хазірет кесенесіне Шарбақты ауданының орталығы және Шалдай ауылы арқылы да баруға болады.

Сонымен қатар, биыл кесенені жарықтандыру жұмыстары атқарылады. 5 шақырым қашықтықта жерасты кабельдерін төсеу жұмыстары жүргізілмек.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ және ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Шарбақты, аудан, Ғабдул Уахит Хазірет, кесене, қонақ үй, туризм