«Ислочь» - 2019 жылғы Беларусь чемпионатында 5-орында тұрақтаған команда.

Павлодарлықтар бұл матчқа келесідей құрамда алаңға шықты: Черник, Стаменкович, Томич, Аслан, Есімов, Хрипков, Подио, Санкович, Мингазов, Фонсека, Нүсіп.

Түрік жерінде өткен жолдастық кездесулердегідей, Милан Миланович аталған кездесуді шабуылшысыз бастады. Қарсылас қақпасына Руслан Мингазов пен Карлос Фонсека жақынырақ орналасты.

Матч түгелдей Ertis-тің басымдығымен өтті. Көп күттірмей жерлестеріміз есеп ашты. 6-минутта қорғаушылар қателік жібергеннен соң, белорус қақпашысы айып алаңында Пабло Подионы шалып құлатты – пенальти. 11-метрлік соққыны Милош Стаменкович сәтті орындап, командасын алға шығарды. 3 минуттан соң Мингазов Фонсеканы қақпашымен бетпе-бет шығарған – португал футболшысы мүмкіндікті мүлт жіберді.

Десек те, 20-минутта «Ислочь» ойыншыларының кезекті қателігін пайдаланған Карлос Фонсека есепті еселеді – 2:0. Бірінші таймның соңғы минуттарында команда капитаны шабуыл өтіне шыққан Арман Нүсіпке пас шығарып, соңғысы таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізді.

Екінші таймда белорустар допқа көбірек иелік етіп, жағдайды өзгертуге тырысқанымен, одан нәтиже шығара алмады. Тек 69-минутта «Ислочь» шабуылшысы Милош Стаменковичтің қателігінен соң есептегі айырмашылықты қысқартты.

Осы матчпен Ertis ФК Түркиядағы екінші ОЖЖ аяқтады. Футбол клубының баспасөз қызметі хабарлағандай, футбол маусымына әзірлік ендігі уақытта Павлодарда жалғасады.

Айбек Жұматов

Фото: Ertis ФК 

pavlodarnews.kz

Тэги: Ertis ФК, Ертіс ФК, ҚПЛ, Премьер-Лига, футбол