Жұмыспен қамту орталығының маманы Ринат Қарамбаев айтып өткендей, қайта даярлау курстарын аяқтағандардың 80%-ы жұмыспен қамтылды.

- 2019 жылы мемлекеттік сатып алу жөніндегі менеджер, офис-менеджер, аспаз, кондитер, косметолог секілді 30 мамандық бойынша оқыту жүргізілді, - дейді Ринат Қарамбаев. – Оқыту мамандық ерекшеліктеріне байланысты 1-4 айға созылды. Қайта даярлау кезінде қатысушыларға 16759 теңге көлемінде шәкіртақы төленді.

Жұмыспен қамту орталығының маманы айтқандай, нарықтағы сұранысқа ие мамандыққа кез келген адам үйрене алады. Басты талап – адам жұмыссыз болуы шарт.

Қаламыздағы бірнеше кәсіпорында слесарь болып істеген Сұңғат Симанбаев 2018 жылдан бері жұмыс іздеген. Былтыр «Еңбек» бағдарламасы арқылы жаңа мамандықты игеруге бел буған ол бүгінде Creativo жиһаз студиясына құрастырушы болып жұмысқа тұрған.

- 2019 жылы оқуға түсіп, екі ай ішінде жиһаз құрастырушы мамандығын игеріп шықтым, - дейді Сұңғат Симанбаев. – Жұмыс күрделі болғанмен, қызықты. Маған барлығы ұнайды. Айына 100 мың теңге шамасында жалақы аламын.

2015 жылы өз гаражында жиһаз құрастыруды бастаған Creativo жиһаз студиясының директоры Самал Жанбекова былтыр өндірістік цех ашуға өтініш жолдап, мемлекет тарапынан берілген несиеге 2020 жылдың қаңтарынан бері 300 шаршы метрлік ғимаратты сатып алды. Қазірде бұл кәсіпорында сегіз адам жұмыс істейді.

Бүгінде кереует, диван, орындықтар мен жиһаздың өзге де түрлерін сапалы әрі арзан шығаратын кәсіпорын өз өнімін Екібастұз, Нұр-Сұлтан, Өскемен және еліміздің өзге де өңірлеріне шығарады.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: жұмыспен қамту, әлеуметтік мәселе, «Еңбек» бағдарламасы, жиһаз