Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында аудан әкімі Қанат Қашкиров мәлім етті.

- Алдағы уақытты киелі орындар картасын кеңейтетін боламыз, - дейді Қанат Қашкиров. - Өткен жылы біз Өмір батыр мен Дербісәлі батырдың жерленген орындарын таптық. Бұл - Қазақстанның солтүстік өңіріндегі екі ұлы батыр. Біздің ауданның аумағында 17 батыр бар. Қазіргі таңда осы батырлар туралы зерттеу жүргізіп жатырмыз. Железин ауданының тарихы өте бай. Өмір батыр XVIII ғасырда Орта жүз аумағында өмір сүрген. Ол жоңғарлармен шайқаста танымал болды.  

«Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында Железин ауданының 2019 жылға арналған жобалар тізім жасалып, 8 жоба енгізілген. Арнайы жобалар бойынша демеушілер мен меценаттардың қаражаты 2 миллион 500 мың теңгені құраған.

«Рухани жаңғыру: Железин ауылым – алтын бесігім» қоғамдық қоры құрылған. Қазіргі уақытта қорда 4 миллион 500 мың теңге көлемінде қаражат жиналған.

- Ауданда неолит дәуірінің тұрақтары «Пеньки – 1», «Пеньки – 2» және «Золотая Грива» қорғаны сияқты киелі орындар бар, - дейді аудан әкімі. - 2019 жылы жоба аясында киелі жерлерде ескерткіш тастар орнатылды. Мектеп оқушылары үшін киелі орындарға экскурсия ұйымдастырылды. Сондай-ақ аламан, тоқ және құнан бәйге бойынша ат жарысы өткізіледі. Демеушілер есебінен 650 мың теңге бөлінді. Железин ауданында сегіз жыл бойы құнан бәйге, аламан бәйге өткізілмеген. Бұл - ұлттық дәстүр. Ұлттық спорт ойындарының тізімі кеңейтіліп, кейін бағдарламаға өзге де ұлттық дәстүрлерді қосу жоспарда бар.

Еске сала кетейік, өткен жылы Марқатай ауылына жақын жерде Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде аталған Дербісәлі батырға арналған ескерткіш тұрғызылған. Оны Абылай хан құрметтеп, Қазыбек бимен бір қатарға қойғаны белгілі.  

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам