Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі хабарлайды.

Atameken Business телеарнасының жаңалықтар тарататын бағдарламаларының бірін виртуалды диктор жүргізбек. Виртуалды дикторды жасауға отандық әзірлеушілер медиа-холдинг командасымен бірлесе отырып орасан зор дайындық жұмысын атқарған. Жоба басталмастан бұрын кадрда виртуалды жүргізушінің пайда болуын телеарнаның бас директоры Қанат Сахария "бүгінгі күннің шынайылығы" деп атап өткен еді.

Жаңа технологиялық шешімдер ескі идеяларды алмастыратынына күн сайын дерлік куә болудамыз. Медицинада, ақпараттық технологияларда, қаржы секторында инновациялар өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Енді міне, теледидардың да кезі келді. Сегментті зерделеуге әрі көрермендердің виртуалды дикторларды қабылдауға қаншалықты дайын екенін түсіну мақсатында осындай эксперимент жасадық. Бір жағынан, біз үшін бұл имидждік жоба. Әлемде виртуалды жүргізуші адамды алмастырған бағдарламалар саусақпен санарлықтай ғана. Екінші жағынан, бұл жоба қазіргі аудиторияның қажеттіліктерін түсіну үшін "барлау жүргізуге" мүмкіндік береді, - деп сөзін қорытындылады медиа-холдинг басшысы.

Актер Санжар Мәдидің прототипі негізінде құрылған алғашқы қазақстандық виртуалды жүргізуші – i-Sanj деп аталады. Ақпан айында ол Atameken Business арнасында экономикалық жаңалықтар блогында хабар тарата бастайды. Ал Санжар Мәди инновациялық және интеллектуалдық эксперименттерді қолдайтындықтан виртуалды диктордың "тұлғасы" болу ұсынысына қуана келісімін берген.

Отандық телевизия заманға сай дамып келе жатқанына қуаныштымын. Бұл "рөл" мен үшін жаңа тәжірибе болды, - деді актер.

Сонымен қатар, жобада жұмыс істейтін команданың пікірінше, бірегей жаңалықтарды технологиялық кейіпкерлер ұсынуға тиіс. Бұл жобаның ерекшелігі – интеллектуалдық контент пен жаңа технологиялардың үйлесім табуында. Нейрондық желі қолданылатын өршіл жобаны отандық әзірлеушілер жүзеге асырған. Айта кетсек, әлемдегі алғашқы виртуалды жүргізуші 2018 жылы Қытайда пайда болған.

pavlodarnews.kz

Тэги: