Облыстық кітапхананың мәлімдеуінше, мәдени-рухани шараға жергілікті «Замандастар» клубы ансамблі, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының «Беларусь этно-мәдени бірлестігі» өкілдері қатысқан. Мәдени-рухани жиынға Павлодар қалалық №39 мектептің бастауыш сынып оқушылары да атсалысып, үлкендердің тағылымды әңгімесіне құлақ түрді, ақыл-кеңес алды.

«Замандастар» өз өнерлерін ортаға салып, ән мен жырдан шашу шашты. Дәстүрлі әндерін орындап, өздерінің салт-жоралғыларын көрсеткен Белсарусь этно-мәдени бірлестігінің «Крыницы» ансамблі көпшілікті ұлттық киімдерімен және тұрмыста қолданатын заттарымен таныстырды.

- Жобаның мақсаты – үлкендер мен жас ұрпақтың арасындағы байланысты нығайту. Жастардың үлкенге деген құрметін арттыру. Өмірден көрген-білгені мол адамдарды жобаға тартып, кейінгі буынға тәрбие берсек дейміз, - дейді С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың балалар әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Марина Золотухина.

Аталған жоба алдағы уақытта ай сайын ұйымдастырылатын болады. Жобаның наурыз айындағы шарасы Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өтеді деп жоспарлануда. Көктемнің алғашқы айындағы жиында қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттауға басымдық берілмек.

pavlodarnews.kz

Тэги: