Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев мәлім етті.

- Жоспарға енген түрлі форматтағы 70-тен астам шараға 45 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды, - деді Балғабай Ыбыраев. – Оның жартысынан астамы бюджеттен тыс қаржы. Атап өтер болсам, өзге облыстардан келген 300-ден астам спортшының қатысуымен қазақ күресінен «ERG БАРЫСЫ» турнирі өтті. Сондай-ақ 2019 жылы Алғабас ауылдық округінің Жолқұдық ауылында Тілеуімбет батырдың жерленген орнында демеушілер есебінен ескерткіш тас орнатылды.

Айта кетейік, Тілеуімбет батыр Бәйсентиін руынан шыққан (1720-1795 жж.). Жоңғарлармен болған соғыстардың белсенді қатысушысы. Қалмақ қырылған маңайындағы Тілеуімбет тауы бүгінгі күнге дейін өз атауын сақтап қалған.  

Спикердің айтуынша, 2019 жылдың маусым айында «Ақсу толқыны» жобасы бастау алған. Оның шеңберіде қалалық жағалауда түрлі форматтағы мәдени шаралар өткізілді.

- Бұл жоба Павлодар қаласындағы «Ertis Promenade» жобасының көшірмесі, - деді қала әкімі. – Бізде де әдемі жағалау бар. Демалыс күндері қала және ауылдық округтердің жас таланттары мен шығармашылық ұжымдары, этномәдени бірлестіктердің өкілдерінің концерттері, қолданбалы өнер көрмелері, «АРБАТ – АҚСУ 2019» жастар шығармашылық көрмесі ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, «Қазақстанның қасиетті географиясы» республикалық арнайы жобаны жүзеге асыру шеңберінде ақсақалдар, қаланың Құрметті азаматтары, белсенді жастар және қоғам өкілдері қасиетті жерлер мен археологиялық жерлерді аралаған.

Қала әкімі 2020 жылғы жоспармен бөлісіп, тағы бір ескерткіш орнатылатынын айтты.

- Биыл Ақсу қаласында Мерғалым қажының моласын абаттандыру, қазақ халық композиторы, ақын және танымал саяси қайраткер Иманжүсіп Құтпановтың туған жері Алтыбай көлінің жағасында жазбасы бар ескерткіш тасын орнату, Тілеумбет батырдың моласын абаттандыру және «Ақсу Барысы», «Қазақ күресі» спорт түрлерін дамыту жұмыстары жалғасын табады, - деді Балғабай Ыбыраев.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Ақсу, ескерткіш, Рухани жаңғыру, Рухани