Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Ернұр Әйткенов мәлім етті.

- Зерттеу нәтижесінде Трофимовка мен Жаңақұрлыс және Жаңақұрылыс ауылдық округінің Сұлу Ағаш ауылдарының ортасында орналасқан Сейділдә қажы мен Қошман батыр жерленген жерлер анықталды, - дейді Ернұр Әйткенов. – Биыл Тереңкөл ауданы бойынша іске асыруды жоспарлап отырған жобалардың ішіне қазақ мәдениеті мен руханияты үшін елеулі үлес қосқан дінтанушы, әулие, ұстаз, тәлімгер Тереңкөл ауданының тумасы Сейділдә қажы Түйтебекұлының бейітін жөндеу еніп отыр. Абаттандыру жұмыстарын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Қазақстанның қасиетті орындары жобасының негізінде іске асыруды көздеп отырмыз.

Сондай-ақ аудан әкімі аталмыш жоба аясында солақай саясаттың құрбаны болған, елді жаудан қорғаған батырлардың бірі - Қошман батырдың жерленген жері абаттандырылатынын атап өтті.

- Атап өткен абаттандыру жұмыстарына қаражатты «Тереңкөл рухани жаңғыру» қорынан және жекелеген меценаттардың есебі арқылы жұмсайтын боламыз, - дейді Ернұр Әйткенов. - Ауданда 2020 жылға арнайы іс-шаралар жоспары құрылды. Жоспарда 60-қа жуық іс-шара қарастырылған. Атқарылатын іс-шаралар ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған. Ендігі жұмыстарымызды санына емес сапасына мән беруді жөн көріп отырмыз. Биыл бағдарлама аясындағы жұмыстар өз жалғасын табады.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: