Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Екібастұзда жүзеге асыру барысымен таныстырған қала әкімі Ержан Иманзайыпов 2020 жылы ұлттық, оның ішінде ат спорты түрлерін насихаттауға ерекше назар аударылатынын айтты.

- Осы бағытта «Мыңнан тұлпар» атты жобаны қолға алдық, - дейді Ержан Иманзайыпов. – Оның ішінде жамбы ату, шөген секілді сирек кездесетін спорт түрлерін дамытамыз. Осы орайда қазір ұйымдастыру жұмыстарын бастадық. Жазға қарай спортшыларға барлық жағдай жасауға тырысамыз.

Ержан Иманзайыпов атап өткендей, шөген ойынын Бесқауға ауылында ұйымдастыру көзделуде. Ата-бабаларымыздың көне спортын жаңғыртуға аталған елді мекен тұрғындары мұрындық болған. Жастарды жаттықтыру тегін жүргізіледі.

- Шөгенді төрт-төрт адамнан екі команда ойнайды, - дейді Ержан Иманзайыпов. – Ойынға асыл тұқымды жылқылар пайдаланылады. Ойыншылар таяқты қолданып, допты қақпаға соғады. Гол соғылған кезде командалар қақпа ауыстырады.

Айта кетейік, шөген ойыны – түркі тектес халықтарда, соның ішінде қазақтарда ежелгі замандарда кең тараған спорттық ойыны. Еуропада поло деген атпен белгілі шөген туралы деректер Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінде кездеседі.

Айбек Жұматов

Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: ұлттық спорт, шөген, рухани жаңғыру, поло, Ержан Иманзайыпов