- Биыл балалар техникалық мектебіне 60 жыл толды, - дейді кеме жасау үйірмесінің жетекшісі Руслан Ильясов. – Қазіргі таңда мектепке 720 оқушы тұрақты түрде келеді. Бұл - 58 топ. Әр топта 10-нан 15-ке дейін бала айналысады. Мектепке бірінші сыныптан бастап қабылдаймыз. Бірінші жыл оқыту - 1,5 сағат, ал екінші жыл үшін - 2,5 сағат. Балалар барлық үйірмелерге тегін қатысады. Біздің негізгі міндеттеріміз оқушылардың техникалық шеберлігін қалыптастыру, жастайынан еңбекке баулу және қолмен жұмыс жасауға үйрету болып табылады.

Руслан Ілиясов мектеп тәрбиеленушілері жыл сайын республикалық, халықаралық және облыстық жарыстарға және техникалық спорт түрлері мен сәндік-қолданбалы өнер бойынша көрмелерге қатысатынын атап өтті.

Сәндік-қолданбалы өнер үйірмесінде педагогтар балаларды былғары және табиғи материалдарымен, бисермен тоқуға, қағаз пластикасы және квиллингпен жұмыс жасауға үйретеді.

- Қолөнер үйірмесіне бір жыл көлемінде қатысып жүрмін, - дейді Жансұлу Зейнолла. - Осы уақыт аралығында көп нәрсені үйрендім. Мысалы, айқас тігіс, торлап тігу, қос басу тігістерін меңгердім. Сондай-ақ үйірмеге қатысушы қыздармен бірге фетрмен, матамен, былғарымен жұмыс жасаймыз. Маған өте ұнайды.

Айта кетерлігі, балалар техникалық мектебінің оқушылары 2019 жылы республикалық жарыста 11 орынға ие болса, халықаралық жарыстарда 10 рет марапат жеңіп алған.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: