«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Қасымов 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың ақпан айына дейінгі аралықта Павлодар облысы бойынша аударымдар мен жарналардың жалпы сомасы 11,6 млрд теңгені құрағанын атап өтті. Барлығы Қорда 257 млрд теңге жиналған.

- 1 сәуірге дейін барлық қазақстандықтар әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында шартты түрде сақтандырылған болып есептеледі. Кейін МӘМС жүйесінің қатысушысы қатарына кірмейтін азаматтар тегін кепілдендірілген медициналық көмекті ғана ала алады. Сол себепті ағымдағы жылдың 3 айында бұл жүйеге енбегендер жарна төлеп, сақтандыру мәртебесін ала алады, - деді Нұрлан Қасымов.

Естеріңізге сала кетейін, екі жыл көлемінде жарнаны тек жұмыс берушілер, жалдамалы қызметкерлерге берілетін еңбекақының 1,5% төлеп келсе, биылдан бастап жұмыс беруші қызметкер жалақысының 1% әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорына аударып отырады. Ал жұмыс беруші өз кезегінде қызметкерлері үшін жарна аударуды жалғастыратын болады: 2020-2021 жылдары - 2% көлемінде.

Сонымен бірге, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының иелері және жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар ай сайын 1,4 ең төменгі жалақының 5% медициналық сақтандыру үшін жарна аударатын болады.

Нұрлан Қасымовтың айтуынша, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жарналарды екінші деңгейдегі банктердің терминалдары және мобильді қосымшалары арқылы, сондай-ақ, медициналық ұйымдарда орнатылған төлем терминалдарында төлей алады.

- Сондай-ақ өткен жылдың қаңтарынан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар бірыңғай жиынтық төлемін төлеп келеді. Оған төрт салық түрі – жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, әлеуметтік сақтандыру жарнасы және әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорына төленетін жарна кіреді. Бірыңғай жиынтық төлем қарамағына жұмыскер алмай, табыс табу мақсатында жеке тұлғаларға қызмет көрсететін азаматтар арналған, - деді Нұрлан Қасымов.

Бірыңғай жиынтық төлем ай сайын төленіп, республикалық және облыстық деңгейдегі қала тұрғындары үшін 1 АЕК (2651 теңге), өзге елдімекендердің тұрғындары үшін (аудан орталықтары, ауылдар, кенттер) 0,5 АЕК (1326 теңге).

2019 жылы аймағымыздың 4901 тұрғыны бұл арнайы салық тәртібін пайдаланып, 33 миллион 905 мың теңге төлем түскен. Ал 2020 жылдың 1,5 айында 2 735 адам 10 миллион теңгеден астам бірыңғай жиынтық төлем аударған.

Айта кетейік, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы толық ақпаратты fms.kz сайтынан алуға болады.Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты кез келген сұрақты «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалына 37-19-04, 37-19-29 нөмірлері бойынша хабарласып, қоя аласыз.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, МӘМС, медициналық сақтандыру, қор