Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

- Елімізде қазақ ұлттық спорты жақсы дамып келе жатыр, - дейді Май ауданының әкімі Марат Ақтаев. – Осы орайда, ауданымызда тұрақты түрде көкпар, аударыспақ сияқты ойындарды ұйымдастырудамыз. Өткен жылы алғашқы рет «Жеті қазына» атты ерттеудің аудандық сайысы ұйымдастырылды. Атты қалай ерттеу, оған қай жағынан жақындау керек сияқты дүниелерге назар аударылды. Көрермендер тек аудан аумағынан ғана емес, сондай-ақ Павлодардан да келді. Қалада өскен балалар үшін танымды сайыс болды деп ойлаймын. Мен өзім ат спортын өте жақсы көремін. Сондықтан «Қазақтың ұлттық ойындары» жобасын тікелей өзім басқарып келемін. Алдағы уақытта бұл спорт түрін дамытып, ауданның брендіне айналдыру басты жоспарларымыздың бірі болып табылады.

Бүгінгі күні ауданның 5 елді мекенінде, атап айтқанда, Саты, Ақшиман, Кеңтүбек, Қаратерек және Малайсары ауылдарында көкпар командалары жасақталған. Олар тұрақты түрде аудандық, облыстық және республикалық турнирлерге қатысады.

- Қазіргі таңда командалар жарыстарға өз қаражаттарымен қатысып жүр, - дейді Марат Ақтаев. – Республикалық сайыстарға, тіпті, Павлодар ауданының аумағында өткізіліп отырған жарыстарға бару қиын. Себебі жылқыға арнайы көлік керек, оның азығы бар, көліктің жанармайы бар. Яғни, үлкен қаражатты талап етеді. Осы мәселе бойынша бірнеше рет кездесулер өткізген болатынмын. Ұлттық спортты дамытамыз деген сөздеріміз құр сөз болып қалмауы үшін міндеттер қойылып, алдағы уақытта шешімін табады деп ойлаймын.

Аудан әкімі аталмыш спорт түріне алдағы уақытта федерация құруды қарастырып немесе бюджеттен қаражат қарастыру жолын табуға тырысатынын атап өтті.

Айгүл Жүсіпова

Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Май ауданы, әкім, ат, спорт