Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы басшысының м. а. Гүлнар Жармакинаның айтуынша, «Жалғызбасты аналарды қолдау орталығы» ҚБ-мен 2007 жылдан бастап Павлодар қаласында Толстой көшесі, 104 мекенжайы бойынша мамандандырылған әлеуметтік асхана ашылған. Ол жерде амбулаториялық емдеуде жүрген туберкулезбен ауыратын науқастар толыққанды түскі ыстық аспен қамтылған.

- Мұндай асханалар Екібастұз және Ақсу қалаларында ашылды, - дейді Гүлнар Жармакина. - Бірақ 2019 жылы Екібастұз қаласында жабылып қалған. Павлодар мен Ақсу қалаларында ғана жұмыс істеп тұр. Былтырғы жылы барлығы 217 науқас тегін тамақтанды. 

Екібастұз қаласы әкімдігінің мәлімдеуінше, мониторинг жүргізу нәтижесінде асханаға келетін адамдардың саны азайғаны анықталған. Осыған байланысты әлеуметтік асхананың қызметін оңтайландырып, әлеуметтік көмекті ақшалай ұсыну жөнінде шешім қабылданған.

Науқастар ай сайын 7 АЕК көлемінде әлеуметтік көмек алып келсе, биылдан бастап бұл соманы 12 АЕК-ке дейін арттырған. Сондай-ақ, қала кішкентай болған соң бұл санаттағы тұрғындар асханаға баруға ыңғайсызданатындарын және қаланың бір шетінен жету қиындау екенін айтқан.

Десе де, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Дәулетбек Мусин кеншілер қаласында жабылып қалған асхананы қайтадан ашу туралы ұсыныс білдірді.

- Өкінішке орай, Екібастұзда асхананың жабылып қалуы салдарынан амбулаторлық еңбекақы азайды және науқастар саны арта түсті. Олар сол жерге келгенде тамақпен бірге дәрі ішетін. Ал ақшалай бергенде оның дұрыс жұмсалатыны күмән тудырады, - деп атап өтті Дәулетбек Мусин.

Облыстық мәслихаттың әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы Қабылқақ Қапенов мәселені қалалық аурухана, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар бөлімімен бірге жан-жақты зерделеп қарастыруға кеңес берді.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам