Бұл туралы аудан әкімі Қанат Кәрімов өзінің есептік кездесуінде мәлім етті.

- Ауданымыздағы ата кәсіппен айналысатын 491 шаруашылықтың ішінде 7 ауылшаруашылық кооперативі, 7 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 477 шаруа қожалығы бар, - деді Қанат Кәрімов. – Ауданда ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын тек қана 10 нысан бар. Оның 1 – ет өнімдерін жартылай дайындау цехы, 6 – наубайхана, 1 – диірмен, 2 – кондитерлік цех.

Аудан әкімінің айтуынша, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытумен 30 шаруа қожалық айналысады. Оның ішінде ең ірі 10 қожалық герефорд, қазақтың ақбас сиыры, жабы жылқысы, қазақтың құйрықты қойы шаруашылығын дамытуда.

- Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласының басты талабы – малды тұқымдық түрлендіру болып табылады. 804 бас асыл тұқымды бұқа мен 17 483 бас аналық сиыр және 209 бас асыл тұқымды қошқар мен 7 232 бас саулық қой тұқымдық түрлендіруге қатысты. Мал басын асылдандыру бағытындағы жұмыстарды әлі де жандандыра түсуіміз қажет, - деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, ірі қара малдың, қой мен жылқының етін сату мақсатында баянауылдық шаруалар Нұр-Сұлтан, Павлодар қалаларында және Баянауыл ауылында 63 ауылшаруашылық жәрмеңкесіне қатысқан. Жәрмеңкелерде 114 млн 800 мың теңгеге 76 тонна 500 келі ет сатылды.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: