- Бақыт Хайдаров пен Василий Христенкоға арналған мүсіндер аудан орталығынан орын алады, Жылбек Ағаділовтің ескерткіші Бірлік ауылындағы Ж.Ағаділов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің алдындағы алаңда тұрғызылады. Бұл мақсатта аудандық бюджеттен 15 млн теңге қаржы бөлінеді. Ескерткіштерді 2020 жылдың 5 мамырына дейін орнату жоспарланып отыр, - дейді аудандық ішкі саясат бөлімінде.

Бақыт Хайдаров Жаңатілек ауылдық округінде дүниеге келген. Ленинград майданында 46-шы Суворов орденді (Лужской) дивизиясына қарасты 176-атқыштар полкінде аға сержант шенінде алдыңғы шепке оқ-дәрі жеткізіп тұратын взводтың командирі болып тағайындалып, 1941 жылдың маусым айының соңынан Ленинград қаласының түбінде ұрысқа кірді.

ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Таллинді азат еткені үшін», «За боевую доблесть» медальдарымен, «Отличный артиллерист» төсбелгілерімен, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. 1945 жылы наурыз айында Гросс Мальзау қаласы үшін болған ұрыста ерлікпен қаза тапты.

Василий Христенко 1925 жылы Қарағанды қаласы Большая Михайловка ауылында дүниеге келген. 1943 жылы Баянауыл аудандық әскери  комиссариатымен әскерге шақырылды. І және ІІ Украина майдандарында жүріп, өзін батыл және тәжірибелі барлаушы-командир ретінде көрсетті. «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Германиядағы жеңісі үшін», «Жапониядағы жеңісі үшін» медальдарының иегері.

ҰОС-ның қаһарман партизаны Жылбек Ағаділов Баянауыл ауданының Үштөбе ауылында дүниеге келген. 1944-1945 жылдар аралығында Венгрия, Пруссия, Чехословакия жерлерін азат етуге қатысып, екінші мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болды. 1946 жылы әскерден босап, алдымен Павлодар қалалық, одан кейін облыстық қаржы бөлімінде аға тексеруші қызметін атқарған.

 

Фото: tengrinews.kz

 

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам