Бұл туралы облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов тұрғындармен есептік кездесуі кезінде мәлім етті.

- Биылғы жылы өңірдің қоғамдық ұйымдарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, 80 хабар-ошарсыз жоғалған азаматтың орналасқан жері анықталды, - деп атап өтті Нұрлан Мәсімов. - Соңғы 4 жылда облыста қылмыс деңгейінің төмендегені байқалады. Егер 2015 жылы 10 мың адамға 221 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш екі еседен астам қысқарып, 101 құрады. Былтыр есірткіге қатысты 237 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 67-сі есірткі заттарын ірі мөлшерде өткізуге және сақтауға байланысты қылмыс. Алынған есірткі құралдарының жалпы саны 361 келіні құрады.

Кездесуге қатысушылардың барлығы өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, Нұрлан Мәсімовтен жауап ала алды. Азаматтардың жеке өтініштері бойынша ПД басшысы тиісті бөлімшелердің басшыларына нақты нұсқаулар берді.

- Мал жоғалғанда, әсіресе жылқы жоғалса, иелері бірден келіп арыз жазады, малдарын іздеуді және табуды талап етеді, - дейді қала тұрғыны. - Ал олардың жылқыларының кесірінен жол-көлік оқиғасы болған кезде оларды табу мүмкін емес. Малдарында белгілері жоқ. Олар барлық белгілерге сәйкес келсе де, иелері малдың өзінікі екенін мойындамайды. Өйткені кінә тағылатынын біледі. Осындай жағдайларды шешу жолдарын қарастыру керек деп ойлаймын.

Нұрлан Мәсімов аталған мәселе орынды және өте маңызды екенін атап өтті.

- Шынында да бізде мұндай мәселе бар, - дейді департамент бастығы. -Мұндай жағдайлар туындаған кезде иелері менікі емес деп, малдарынан бас тартады. Менің тәжірибемде иесі жылқысынан бас тартқан жағдай болды. Біз оның малы екенін дәлелдедік. Қазіргі уақытта әкімдікпен бірге бұл мәселені қарастырып, шешудеміз. Белгі салу және таңба қою жоспарымызда бар. Мұндай белгілер болмаса, малдар жоғалып кеткен жағдайда да мал иесі дәлелдей алмайды.

Успен ауданының тұрғыны қысқы кезеңде ұрланған немесе жоғалған малды іздеу үшін аудандық полиция бөліміне қалың қарда жүріп-тұруға арналған автокөлік сатып алу мүмкін бе немесе жоспарда бар ма екенін сұрады.

- Біз автокөлік алу туралы ұсыныспен әкімдікке жүгіндік, - дейді Нұрлан Мәсімов. - Әкімдік бізді қолдады. Бұл мәселе оң шешімін табады деп сенемін. Ал облыс тұрғындарына осы аталған мәселер жайында өтініш айтқым келеді. Өздеріңіз көріп жүргендей тас жолмен кетіп бара жатқанда жайылып жүрген малдарды көруге болады. Оларды бағып жүрген ешкім жоқ. Өкінішке орай, мал мен көліктің соқтығысуы жол көлік оқиғасына алып әкеледі. Сондықтан бұл мәселені ауданда көтеріп, малдарыңызды қараусыз қалдырмауды сұраймын.

Есептік кездесу соңында өңірдің 20 азаматы полиция қызметкерлері із-түзсіз жоғалған адамдарды іздестіруге және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектескені үшін грамоталармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: Ольга Бугаева 

pavlodarnews.kz

Тэги: