Аталған орталық өз жұмысын 2019 жылдан бастап жүргізіп келеді. Орталық барлық жолдардың сапасын тексерумен айналысады. Оның ішіне республикалық, жергілікті маңызы бар, сондай-ақ елді мекендер ішіндегі жолдар кіреді.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалының директоры Талғат Қайратханның айтуынша, «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мақсаты – азаматтық қоғам мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қатысуымен жол салу және жөндеу жұмыстарына тәуелсіз бақылауды орнату.

- Филиал қызметкерлері «Сапалы жол – Адалдық алаңы» өкілдерімен бірлесе отырып, жол сапасы бойынша ереже бұзушылықтарды анықтау бойынша рейдтер ұйымдастырып отырады, - дейді Талғат Қайратхан. – Жалпы 2019 жылы филиал қызметкерлері республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына 431 рет барып, жол-құрылыс материалдарының 308 сынамасын іріктеп алды. 71 сынама стандарт талаптарына сай келмегені анықталды. Жалпы саны 338 жұмыс технологиясының бұзушылықтары рәсімделді.

Мәселен, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» өкілдері Чернорецк-Ольгино автожолының учаскесінде асфальт жамылғысының қажетті деңгейден жұқа болғанын анықтады. Нәтижесінде жол құрылысымен айналысқан «АБК-Автодор НС» ЖШС қатысты сот процесі қозғалды.

Талғат Қасымханның айтуынша, бүгінде орталық жұмысы бірте-бірте адами фактордан арылып, цифрландырылуда. Айталық, болашақта жолдың жай-күйін анықтап, олқылықтардың уақтылы орнын басуға мүмкіндік беретін жол активтерін басқару жүйесі енгізілуде. Орталықта заманауи құралдармен жабдықталған зертхана, Mercedes Sprinter автокөлігінің базасындағы жылжымалы жол зертханасымен қамтамасыз етілген.

Айта кетейік, жол сапасы мен мердігерлердің жұмыстарына қатысты сұрақтар бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 37-85-52 немесе «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалының 60-15-30 телефон нөмірлеріне хабарласуға болады.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: жол, жөндеу, автомобиль, Талғат Қасымхан, коррупция