Облыстық ТЖ департаментінің мәліметтеріне сәйкес, Кенжекөл ауылы Дорожная көшесі, 14 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабарлама сағат 13:25-те түскен.

- Өрт жеке тұрған газ блокты үш бөлмелі үйден шығып, ағаш құрылымдар өртеніп, шатыры құлап кетті, - деп толықтырды ведомствода. – Өрт 50 шаршы метр алаңды шарпыған. Сағат 14:20-да толығымен сөндірілді. ТЖ орнына екі техника мен жеке құрамнан 10 адам шықты. Келтірілген залал анықталуда. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ.

Алдын ала болжам бойынша, жылыту пешін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу өрттің шығуына себеп болған.

Үйдің иесі Бауыржан Сейітқазиновтың айтуынша, өрт шатырдан басталған. Жеке тұрған от жағатын орын тұтанған. Әрі қарай өрт үйге қарай жалғасқан. Тартылмалы төбелер балқып, жиһаздарға құлай бастаған.

- Өрт сөндірушілер 13 минуттан кейін жетті, - дейді ол. - Құжаттарды алып шығып, балаларды орап алып, көшеге шығып үлгердік.

Сейітқазинов 2020 жылдан бері баспана алу үшін тұрғын үй кезегінде тұр. Сондай-ақ ол мүмкіндігі шектеулі азамат ретінде зейнетақы алғанымен, қол қусырып бос отырмайтынын айтады.

Отбасындағы үш баланың екеуі – екі және үш жастағы қыздар, біреуі – алты жасар ұл.

Қазіргі таңда отбасы Кенжекөлге жақын, пандусы бар «Турист» қонақ үйіне орналасқан. Ер адам кеше қала басшылығына кіре алмаған.

- Мен өз жағдайымды түсіндірдім, - дейді үш баланың әкесі. - Алайда мені наурыз айына жазып қойды. Жұбайыма балалармен бірге Қамзин көшесі, 20 мекенжайы бойынша, ал маған Космонавтар көшесі, 1 мекенжайында төртінші қабатта орналасуды ұсынды. Ал бұл ғимаратта пандус жоқ. Біз бір отбасымыз және бір-бірімізден ажырағымыз келмейді.

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам