Бұл туралы баспасөз жиынында Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Елдар Әбдікенов мәлім етті.

- Оқиға 25 ақпан күні түнгі сағат 23:30-да орын алған, - деді Елдар Әбдікенов. – 26 ақпан күні таңертең Аққулы ауданындағы полицияның кезекші бөліміне азаматша арыз түсірді. Бір тәулікке жеткізбей білікті мамандар күдіктіні көрші ауылдан ұстап алды. Осы фактіге сәйкес ҚР Қылмыстық кодексінің 120 және 121-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұл - зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін қарастыратын баптар. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Жағдай департамент басшысының толық бақылауында. Күдікті өз кінәсін мойындап отыр. Куәгерлер бар.

Елдар Әбдікенов ер адам мен жәбірленуші қыздың таныс болмағанын айтты. Сонымен қатар, күдіктіге қатысты осы уақытқа дейін де сот істері қозғалған.

- Күдікті адам осы ауданның тұрғыны. Оған қатысты 2010 жылы сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны туралы шағым түскен. Алайда, арыз жазылмағандықтан сот ісі қозғалған жоқ. Ал, 2017 және 2018 жылдары мал ұрлығына байланысты тергеушілермен жауапқа тартылып, қылмыстық істер сотқа жіберілген. Кейіннен екі тараптың өзара келісімге келуіне байланысты іс тоқтаған, - деді ПД бастығының орынбасары.

Еске салайық, бұған дейін зорлау ісі туралы «Не молчи» қоғамдық қорының көшбасшысы Дина Смаилова өзінің Facebook парақшасында жазған болатын.

Оразбек Саяхат
Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: