Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы қоғамдық қабылдаудың меңгерушісі Жанар Мұхамеджанованың айтуынша, аталмыш жобаның мақсаты - мемлекеттік қызметті электронды форматта ұсыну.

- Партия филиалының төрағасы Болат Бақауовтың тапсырмасы бойынша «Ардагерлерді ардақтайық», «Жемқорлықсыз ел - гүлденген мемлекет», «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жүзеге асырылып отырған жобаға 400-ден астам  қызмет түрі енгізілген. Сонымен қатар, СМС құпиясөз арқылы 30-дан астам  қызмет алуға болады. «Қазақтелеком» АҚ және ХҚКО-мен ардагерлер ұйымдарын компьютерлік техникамен, кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.  Бұдан әрі қарай аға буын өкілдері мемлекеттік органдар мен халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармастан-ақ  шаруарларын тындыра алады, - дейді Жанар Мұхамеджанова.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеевтің сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда өңірде 15 мыңдай ардагер бар. Олардың сегіз мыңға жуығы облыс орталығында тұрады. Мұндай орталықтарды облыс бойынша барлық аудандық және үш қалалық ардагерлер кеңесінде ашу жоспарланып отыр.

- 12-қазан күні облыстық ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл, республикалық ұйымға 30 толды. Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары жайлы жиі айтылады.  Сондықтан жеделдетілген технология дамыған заман көшіне сай жүру керекпіз. Мұнда жеке кабинет болады. Ардагерлерді үйретіп жатырмыз. Күнде кезекші бір адам отырады, - дейді кеңес төрағасы.

Алғашқы ардагерлердің бірі болып жаңашылдықты меңгерген  Жылқыбай Бейсембаев электронды форматтың аға буын өкілдері үшін берері мол екенін айтады.

- Банкке және халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Енді үйден шықпастан компьютер немесе ұялы телефон арқылы жердің салықтарын төлеуге, мекенжай анықтамасын алуға болады. Артынан оны тексереміз, электронды растау туралы хабарлама келеді. Жедел жәрдем шақыра аламыз. Жасы келген қарттарға жүріп-тұру қиынға соғатыны белгілі. Қазіргі уақытта он шақты адам үйренуде. Өз басым кез келгеніне көмектесуге дайынмын, - дейді ардагер.

Ақбота Сейсенбаева
Фото: автордыкы

pavlodarnews.kz

Тэги: