Кездесуге жас дәрігерлер, мұғалімдер, білім беру ұйымдарының мамандары, Қазақстан электролиз зауыты, Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлері мен «ERG SERVICE» АҚ, трамвай басқармасы, «Сүт» АҚ қызметкерлерінен тұратын 20-ға жуық маман қатысты.

- Бізде 17 салалық кәсіподақ және 137 мың кәсіподақ мүшесі бар, - деп атап өтті бірлестік төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Динара Айтжанова. - Яғни, облыстың әрбір үшінші тұрғыны кәсіподақ мүшесі болып табылады. 137 мың адамның 38 пайызы - жас қызметкерлер. Биылғы жыл - Еріктілер жылы. Бұл - өте өзекті мәселе. Сондықтан біз «Ұлттық еріктілер желісінің» төрайымы Вера Ким мен жас көшбасшылардың кездесуін ұйымдастыруды жөн көрдік. Мұндай кездесу қазіргі таңда өте маңызды және қажет, себебі бізде кәсіпорындарда корпоративтік еріктілер дамып келеді. Бұл жастар арасында танымал, заманауи тренд деп айтуға болады.

Динара Айтжанова кездесуді ұйымдастырудың басты мақсаты Президенттің еріктілер алдында қойған міндеттерді талқылау екенін атап өтті.

- Вера Ким жас мамандарға Президенттің еріктілер жұмысына байланысты не айтқаны, қандай өзгерістер енгізілгені жөнінде айтып берді, - дейді бірлестік төрайымы. – Мысалы еріктілердің шет елге шығып, халықаралық бағдарламаларға қатысуы туралы қандай шешімдер ұсынылғаны баяндалды. Қазір еріктілер үшін көп жағдай жасалған. Мысалы, волонтерлік қызмет Заңы қабылданды. Яғни еріктілер өз мәртебесін алды. Осындай жаңа жаңалықтар айтып әрі қызықты сұрақтарға жауап берген «Ұлттық еріктілер желісінің» төрайымымен біздің жас мамандарға қызықты болды деп ойлаймын. Себебі, олар да ұйым ішінде волонтерлік топтар құрып, түрлі акциялар өткізеді.

Вера Ким үлкен ұжымы бар ірі ұйымдардың өкілдеріне осындай игі істер бөтен емес екені қуантатынын жеткізді.

- Павлодар облысы үшін еріктілік – бөтен ұғым емес, - дейді «Ұлттық еріктілер желісінің» төрайымы. – Павлодар облысы еріктілік ұйымын ашқан алғашқы облыстардың бірі болды деп айтуға болады. Волонтерлік қызмет бүгінгі күні әртүрлі салаларда жалғасын табуда. Бұл тек әлеуметтік еріктілік қана емес, сонымен қатар қоршаған ортаға көмектесетін, жануарларды қорғайтын және этно еріктілер сияқты салалық бағыттарға бөлінеді. Биыл Павлодар облысы «Қамқор» бағыты бойынша жұмыс істейді. Бұл бағыт бойынша еріктілер қарттар үйіне, соның ішінде қиын өмірлік жағдайға тап болған жастар мен балаларға көмек көрсете алады. Сондай-ақ «Білім» бағыты бойынша да жұмыстар атқарылатын болады. Бұл барлық өңірлерде ұсынылатын жалғыз бағыт болып табылады.

Айта кетерлігі, жас мамандармен кездесуге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ашылған birgemiz еріктілер фронт кеңсесінің креативті директоры Гүлмира Байқошқарова да қатысты.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: