Музей қорынан ұйымдастырылған көрмеде 20-дан астам автордың 80 туындысы қойылған. Көрмеге қойылған туындылар арасында кескіндеме, сызба және мүсін бар.

- Еліміздегі барлық мәдени мекемелер ұлы тұлғамыз Абайға арналған шаралар өткізуде. Біз қорымыздағы ұлы ойшылға арналған қазақстандық және шет елдік суретшілердің туындыларын ұсынып отырмыз. Зиялы қауым өкілдерін жинап, жақынырақ таныстырсақ дейміз. Сондай-ақ белгілі Евгений Сидоркиннің линогравюраларын қолмен ұстауға мүмкіндік беріп отырмыз. Музейлік экспонаттар құнды жәдігерлер болғандықтан кез келген адамдардың қолмен ұстауына рұқсат берілмейді. Зиялы қауым өкілдеріне жақын танысуға мүмкіндік бердік. Жалпы, көрмеде Абай атамыздың бейнесі, мүсіні, шығармалырының желісі бойынша салынған туындылар бар, - дейді музей директоры Айгүл Нұрғамисова.

Көрмеде әлемге танымал Кристовскийдің жасаған Абайдың мүсінін көруге болады. Көрмеге қойылған туындылардың ең соңғысы – павлодарлық танымал суретші Өсербай Шорановтың салған ұлы ақынның портреті.

Зиялы қауым өкілдері көрмені тамашалап болғаннан кейін көрме туралы ойларын ортаға салды.

- Бүгін Әбілхан Қастеев бастаған бірқатар шеберлердің туындысын көрдік. Абайға бір табан жақындап, қолымызбен ұстағандай болдық. Абайды түсінетін адамдарды жинап отырғаны жөн болды. Абайдың әлемін ашып жатырмыз. Абай – жан-жақты адам. Абайды оқыған сайын сүңги береміз. Әл-Фараби Аристотельді көп оқып барып сезіне білгені сияқты біз де Абай әлемін тану үшін көп оқып, білу керекпіз, - деді филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбет Тұрышев.

Сонымен қатар, көрмеде қазақстандық графиктер Николай Гаевтың, Әділ Рахмановтың, Исатай Исабаевтің және Альберт Гурьевтің қазақ әдебиеті классигінің 125 жылдығына орай жасалған авторлық альбомының парақтары ұсынылған. Бұл шығармаларда қазақ тарихының көркемдік көзқарасы, өнеге, құқық және адамгершілік мәселелері көрсетілген.

Көрме сәуір айының соңына дейін жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтар кез келген күні сағат 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін тамашалай алады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Абай 175 жыл, көрме, музей, көркемсурет, зиялылар, мәдениет