Бұл туралы агенттікке «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Гүлшат Бейсембаева айтты.

- Республика бойынша конкурсқа қатысуға 190 өтінім (эссе) қабылданды. Ертіс өңірінің жалпы орта білім беру және мамандандырылған мектептерінде білім алатын 8-11 сынып оқушыларының 32 жұмысы қабылданған болатын. Барлығы төрт тақырып ұсынылды. Осы жұмыстардың ішінде Расул Кунның «Өмірді жеңілдететін өнертабыстар» тақырыбындағы жобасы жоғары бағаға ие болды, - дейді Гүлшат Бейсембаева.

Жас өнертапқыштың айтуынша, алдымен инженер-электрик ағасы техника қауіпсіздігі бойынша нұсқама өткізген және бұдан кейін экологиялық миксердің сызбасын жасауға көмектескен. Оған  қақпағы бар  шыны банка, магнитофон сымдары мен плеер моторы, пластмасса қораптың пластинасы, ұялы телефонның аккумуляторы қолданылған. Нәтижесінде бір сағаттың ішінде ас дайындайтын құрал құрастырылған.

- Қыркүйек айының басында сыныппен және география пәнінің мұғалімімен бірге Маралды көліне барған едік. Біздің сөмкелерімізде барлық қажет азық-түлік болды, дегенмен ас дайындайтын құрал жетіспеді. Сол сәтте экологиялық электр құралы – батарейдегі миксер жасауды ұсындым. Бұл құралды сыныпта сынақтан өткіздік. Көктем түскеннен кейін біз сыныппен бірге тағы да  көлдің жағасына барамыз. Дәл сол сәтте осы құралмен тәтті коктейль дайындаймыз, - дейді оқушы.

Бұдан басқа, ҚР Әділет министрлігі мен зияткерлік меншік Ұлттық институты оқушылар арасында ұйымдастырған байқауда Железин ауданы Башмачное жалпы орта білім беру мектебінің 10-сынып оқушысы Диана Арылбаева және Павлодар қаласы дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің 10-сынып оқушысы Анна Гергерт алғыс хатпен марапатталған.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: