Бұл туралы мәслихаттың экономика және бюджет жөніндегі комиссиясының отырысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев мәлім етті.

- Білім және ғылым саласындағы жетістіктері үшін Павлодар облысының педагогтарын марапаттау, сондай-ақ облыстың білім беру жүйесін дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін 50 педагогты «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және 1000 еселенген АЕК (2,6 млн теңге) мөлшерінде біржолғы төлеммен марапаттау мәселесі қолдау тапты. Осы мақсаттарға білім басқармасына қосымша 133,1 млн теңге бөлінді.

Сондай-ақ басқарма басшысының айтуынша, өңір мектептерін кезең-кезеңмен жаңғырту үшін кешенді тәсіл әзірленді.

Бірінші кезеңде облыстық деңгейдегі 4 мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу және жабдықтау жоспарланып отыр. Бұл - №8 мектеп-лицей, Ы.Алтынсарин атындағы қазақ гимназия-интернаты, №3 гимназия, Абай атындағы №10 мектеп-лицей.  Осы мақсатқа 267,7 млн теңге қарастырылған.

Екінші кезеңде қала мектептерін жаңғырту жоспарлануда. Ол үшін Павлодар (10 мектеп), Екібастұз (5 мектеп) және Ақсу (2 мектеп) қалаларының 17 мектебіне күрделі жөндеу жүргізу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 82,1 млн теңге бөлінеді.

Еске сала кетейік, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов аймақтағы үздік педагогтарға арнайы сыйақы тағайындауды тапсырған болатын. Өңірдегі 357 мектепте 11701 мұғалім еңбек етеді.

Ақбота Сейсенбаева
Фото: ашық көздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім