Бұл туралы облыстық мәслихаттың экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында айтылды.
 
Депутаттар облыстық ведомстволар ұсынған 2,6 млрд теңгенің тиімсіз шығындарын оңтайландыруды қарастырды. Оның ішінде Ертіс ауданындағы Ертіс арналарын тазарту, Майқайың, Ленин кенттері, Шідерті, Баянауыл ауылында қатты қалдықтар полигондарын салу сияқты экономикалық тиімділігі жоқ нысандардың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу бар.



Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев 13 ауылдағы су қорын растау үшін іздеу-барлау жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді, сондай-ақ облыстық балалар ауруханасы үшін кеңес беру-диагностикалық ғимараты мен Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың жаңа ғимаратын салуды кейінгі жылдарға қалдыруды ұсынды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Арыстанованың айтуынша, облыстық аурухананың жаңа ғимаратында ересектерге арналған инфекция бөлімшесін орналастыру қажет.

- Бұл нысан қажет, - деді Сәуле Арыстанова. – Жауапты министрліктің оңтайландыру туралы бұйрығымен моностационарлар көпсалалыға ауыстырылып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға қосылды. Ал, балалар төсектері облыстық балалар ауруханасына біріктірілді. Төсектер таратылды, ғимарат сол жерде тұр. Қазір Сұлтанов атындағы облыстық аурухана балалар стационарындағы емделушілер үшін орын жалдайды. Өйткені ғимарат оған толықтай өтті. Депутаттар бұл мәселені қарастырады деп сенемін. Олар оны өз бақылауына алды.

Айта кетейік, депутаттар 26 миллион теңгеге жаңа облыстық онкологиялық диспансердің желілік үдеткішінің емдеу бөлмесінде қорғаныс экранын сатып алуға қосымша қаражат бөлуді қолдады.

- Бұл нысанның жобалық-сметалық құжаттары сегіз жыл бұрын жасалған, - деді Мақсат Тұрлыбаев. – Желілік үдеткіш ЖСҚ соңғы түзетулерінен алынып тасталды. Бұл жабдық республикалық бюджеттен бөлек сатып алынды.

Сәуле Арыстанова қорғаныс экранынан басқа, операциялық блокқа жергілікті желдеткіш пен ламинарлық төбе қажет екенін түсіндірді.

- Осымен онкологиялық орталықты жабдықтау аяқтала ма? - деп сұрады тұрақты комиссияның төрағасы Анатолий Бойчин. – Егер желдеткіш және жұмыс бөлмесінің өзі дайын болмаса, онда бәрі бос тұра ма?

Ол тексеру комиссиясына осы медициналық нысанды қаржыландырудағы басымдықтарды қарастыруды ұсынды.

Еске сала кетейік, онкологиялық диспансер өткен жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай салтанатты түрде ашылған болатын. Әзірге мұнда бірде-бір науқас қабылданбаған.

Дулат Райымбек

pavlodarnews.kz

Тэги: