«Скиф трейд» ЖШС филиалының директоры Азамат Әбілмановтың айтуынша, желі дүкендерінде қанттың бір келісі 190 теңгеден үстемесіз сатылады. Мұндай бағамен әлеуметтік дүкендерден сатып алуға болады.

- Тұрақтандыру қорынан 40 тонна өнім жеткізілді, - дейді Азамат Әбілманов. – Кәсіпкерлік мен сауда басқармасы қант жеткізуді ұсынды. Біз қабыл алдық, себебі бұл өнім бізге кейде жеткізілмей қалады. Бағасын көтерген емеспіз. Себебі, экономикалық жағдай мен пандемия кезінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын көтеру арқылы ақша табуды көздемейміз.

Кәсіпкерлік және сауда басқармасы сауда саясаты бөлімінің басшысы Талғат Дұғалов бүгінде қант ескі қорлардан сатылып жатқанын айтады.

- Қордан шығарылған қант тек әлеуметтік дүкендер мен Small супермаркеттерінде сатылады, - дейді бөлім басшысы. - Әлеуметтік дүкендер 175 теңгеден қант сатып алып, 190 теңгеден босатады. Оларға 10 тонна жеткізілді. Қазір тұрақтандыру қорында 190 тонна қант қалды. Оны басқа сауда желілеріне таратуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта Алтай өңірінен тұрақтандыру қоры үшін қант жеткізуді күтіп отырмыз.

Small сауда желісінің деректері бойынша, сатып алушылардың орташа чегі өскен. Мәселен, қант, жарма, күнбағыс майы, ұн сияқты өнімдер жоғары сұранысқа ие.

ҚР сауда министрлігі сауда нүктелерінің жұмыс уақытын 18:00-ге дейін шектеуді ұсынғанымен, Small супермаркеті әзірге жұмыс күнін қысқарту және кезектерде қашықтықты сақтау туралы ұсыныстар алмаған.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын супермаркеттер мен дүкендерде санитайзерлер орнатылып, коронавирусты жұқтырудан қалай сақтану керектігі туралы жадынамалар орналастырылды.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: Ольга Бугаева 

pavlodarnews.kz

Тэги: