Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқыс жайттың орын алғаны туралы хабарлама кезекшілік бөліміне сағат 06.57-де түскен.

- Үйдің ішінде жиһаз және басқа да заттар жанған. Өрт жалпы аумағы он шаршы метрді шарпыған. Тілсіз жауды ауыздықтауға үш адам мен бір техника жұмылдырылып, сағат 8.43-те сөндірді, - дейді департаментте.

Алдын ала болжам бойынша үй иесі жеңіл дәрежеде ысты газбен улану диагнозымен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер тексеріп шыққаннан кейін үйіне қайтарылды.

Өрттің шығуына шылым шегу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болған. Оқиға орнында әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ сағат 15.45-те Тереңкөл - Ивановка тас жолы бойында ашық аумақта 2012 жылғы жеңіл көлік жанған. Мотор бөлігінде резеңке-техникалық заттар мен салонның төрт шаршы метр аумағы тұтанған.

Өртті сөндіруге жеке құрамнан бес адам мен бір техника жіберілді.


Ақбота Сейсенбаева

Фото: ашық көздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам