- Павлодар қаласындағы «Сарыарқа» шағын ауданында 10 тұрғын үй салу жоспарланған. Оның 8-і несиелік болып табылады. Бұл - 5,6 млрд теңгеге құнды қағаздар шығару арқылы жүзеге асатын 684 пәтер. Сондай-ақ облыстық қаржы есебінен 2,8 млрд теңгеге 252 пәтерлік 2 үй салынады, - деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Облыс орталығындағы Қайырбаев көшесі, 72 үйдің бірінші қабатындағы тұрғын емес екі бос алаң  53,8 миллион теңгеге пәтерлерге ұқсатып қайта өзгертіледі.

Сонымен қатар 316,4 млн теңге Павлодар қаласындағы «Сарыарқа» және «Достық» шағын аудандарының тұрғын үйлеріне, Екібастұздың 9-шы шағын ауданына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тартуға бағытталады. Мұнда сумен жабдықтау, кәріз, энергия және жылумен қамтамасыз етудің сыртқы желілерін, электрмен жабдықтау және электр жарықтандырудың жергілікті желілерін салу жұмыстары атқарылады.

Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, облыс ауылдарын таза сумен қамтамасыз ету жалғасады.

Осыған орай, Ертіс ауданы Ағашорын ауылында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қосумен сумен жабдықтау желілерінің құрылысына 66,8 млн теңге, Успен ауданының Тобылжан су құбырының сыртқы желілеріне 48,1 млн теңге қарастырылған.

Павлодар ауданының Новочерноярка ауылында жылу трассалары бар қазандық құрылысын бастау жоспарлануда. Болашақта оған балабақша, мәдениет үйін, дәрігерлік амбулатория мен пошта бөлімшесін, жергілікті әкімдікті қосады.



- Ақсу қаласында қалалық жылу қазандығының құрылысы жалғасады және Баянауыл ауданының Майқайың кентіндегі жылу желілерін күрделі жөндеу аяқталады. Бұл мақсатқа 1,1 миллиард теңге қарастырылған, - деді басқарма басшысы.

 «Павлодар» АЭА инфрақұрылымын салу үшін жобалық құжаттаманы дайындауға 81,2 млн теңге жоспарланған.

Дулат Райымбек

pavlodarnews.kz

Тэги: