Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов бастаған аппарат кеңесінде өңірдегі жедел жағдай талқыланды.

Бүгінде 44 мыңға жуық адам еңбек ететін өңірдің барлық 19 жүйе құраушы кәсіпорны штаттық режимде жұмыс істеп отыр. Облыс әкімшілігі төтенше жағдайға байланысты туындаған мәселелер бойынша, соның ішінде кәсіпорындардағы эпидемияға қарсы іс-шаралар және жұмыс орындарын қысқарту мүмкіндігін болдырмау бойынша өзара іс-қимыл жасау үшін әр компанияның басшылығымен тұрақты байланыста.

Адамдардың жаппай жиналуын қарастыратын сауда-ойын-сауық орындары мен объектілер үшін енгізілген шектеулер шағын және орта бизнестің жұмысына әсер етті. Павлодар облысында бұл мәселе 25 СОО, 66 фитнес-орталық пен жаттығу залы, 275 дәмхана мен мейрамханаға қатысты болып отыр.

– Қаржы шығыны басқа салалардан да шығып отыр – турагенттіктер, үйлену салондары, ивент-агенттіктер, – деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов. – Қалалар мен аудандарда осы санаттағы барлық кәсіпкерлерге қолмен мониторинг жүргізу қажет. Біз келесі аптаның соңына қарай оларды қолдаудың нақты тетіктері пысықталатын болады деп күтеміз. Бірақ қазірдің өзінде біз ШОБ-ты онлайн-режимге көшіру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Дәмханалар тамақты, дәріханалар дәрі – дәрмектерді, дүкендер бірінші кезектегі қажетті тауарларды тұрғындарға жеткізетін болады.

Жедел деректер бойынша, Павлодар облысы толығымен азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Өндірушілердің, сауда нысандары мен тұрақтандыру қорының қоймаларында 74,6 мың тоннадан астам өнім бар.

– Біз күн сайын баға мониторингін жүргіземіз, – деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов. – Әлеуметтік дүкендердің санын 196-дан 300-ге дейін арттыру жоспарлануда. Тұрақтандыру қорында 1,4 мың тоннадан астам тауар бар. Қосымша 777,1 миллион теңгеге 4,8 мың тоннадан астам өнім сатып алу жоспарлануда.

Облыстық қазынаны оңтайландыруға келер болсақ, биылғы жылы бюджеттік шығындарды 1,5 миллиард теңгеге қысқарту жоспарланып отыр. Экономикалық тиімсіз жобалардан, сондай-ақ жиһаз бен көлікті сатып алудан, практикалық маңыздылықпен бекітілмеген имидждік іс-шараларды жүргізуден бас тарту көзделуде.

– Жағдай күте алатын жобаларды кейінге қалдыруды талап етеді, – деді Әбілқайыр Сқақов. – Біз жұмылдыратын барлық ресурстар өңірлік резервті толықтыруға, су тасқыны салдарынан болуы мүмкін төтенше жағдайларды шешуге, коронавирус бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Жедел әрекет ету штабы шеңберінде Павлодар облысында 18 мониторингтік топ жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы өз бағыты үшін жауап береді: коронавирустық инфекцияның жағдайы, қоғамдық көлік жұмысы, ШОБ жұмысы, алдағы көктемгі егіс жұмыстары және т.б. Барлық мониторинг топтарына әкімнің орынбасарлары жетекшілік етеді, ал топтарды облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары басқарады.

Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, бүгінгі таңда шетелден, сондай-ақ карантин басталған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан көші-қон ағындарына үлкен көңіл бөлу қажет. Сондай-ақ аймақ басшысы әлеуметтік жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік жәрдемді төлеу және білім беру жүйесінің жұмысы бойынша барлық мәселелерді қарастыруды тапсырды. Атап айтқанда, екінші тоқсанда АӘК және әлеуметтік жәрдемақы төлеу оларды алушылардың жұмыспен қамту орталығына келу қажеттілігінсіз ағымдағы көлемде автоматты түрде ұзартылатын болады.

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам