«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Павлодар облысы бойынша филиалы басшысының орынбасары Салтанат Аупбаева коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және оқшаулау шараларын күшейту мақсатында карантин барысында еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы уақытша тоқтатылғанын атап өтті.

-    Облыстағы барлық халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылды, - деді Салтанат Аупбаева. – Азаматтар дайын құжатты ғана ала алады. Яғни, 21 наурызға дейін өтініш бергендер құжаттарын сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін ала алады. Әр орталықта құжаттарды беру терезелері ашылды. Құжат рәсімдеген азаматтарға қолхат берілген. Сол қолхатын көрсетіп, құжаттарын алады. Құжаттарды кейін де алуға болады.

Салтанат Аупбаеваның айтуынша, қазір қағаз жүзінде құжаттарды рәсімдеу тоқтатылған. Мемлекеттік қызметтердің 80 пайызын онлайн түрде алуға болады.

-    Ол үшін азаматтар egov.kz «электронды үкімет» порталын пайдаланады. Сондай-ақ порталдың мобильдік қосымшасы, Facebook, Telegram, VK арқылы қолжетімді. Азаматтардың басым бөлігі порталға тіркелген. Сондағы құпия сөзі мен ЭЦҚ арқылы кіреді.

Енгізілген жағдайға байланысты ХҚКО-дағы мамандар қазір азаматтарға тек онлайн түрде қызметті қалай алатыны туралы кеңес береді. Кеңес алу үшін 1414 нөмірі арқылы байланыс орталығына хабарласады.

-    Біздің екі ауысымдағы жұмыс жасайтын мамандарымыз тек кеңес беруге көшті. Байланыс орталығы жұмыс күндері 9:00-ден 20:00-ге дейін, сенбі  күні 9:00-ден 14:00-ге дейін істейді. Мамандарымыз тек біздің облыспен шектелмей, басқа өңірлерден де түскен қоңырауларға жауап береді, - деді Салтанат Аупбаева.

Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің барлығын онлайн түрде алуға болады. Ал, қолжетімсіз қалған 20 пайыз қызметті онлайн түрге көшіру мәселесі қарастырылуда.

Оразбек Саяхат
Фото: ашық дереккөзден

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk