Баянауыл ауданының №2 жалпы орта білім беру мектебінің директоры Шынар Мұрсалова бастаған бір топ мектеп ұстаздары «Біз біргеміз» қайырымдылық челленджін ұйымдастырып, қоғамға барынша көмек қолдарын созуда.

- Мектептің техникалық қызметкерлеріне тегін тігуді өзім бастаған едім, - дейді Шынар Мұрсалова. - Кейін басқа ұстаздар да тігіп, мектептің аз қамтамасыз етілген, көп балалалы отбасыларына күніне 20 маскадан тігіп, тегін таратуда. Мұндай акция З.Ақышев мектебінде және Торайғыр, Бірлік, Ұзынбұлақ ауылдық округтерінде де жалғасын тауып, еріктілер мұқтаж жандарға көмектесуде. Бүгінгі күні вирустан қорғану үшін маскалар жеткілікті.

Маскалардың бағасы - 100 теңгеден 250 теңгеге дейін. Матаның сапасына қарай өте тиімді және көп реттік, үтіктеп, қайта қолдануға болады.

Сонымен қатар, «Бастау» бағдарламасы арқылы оқып, құжаттарын тапсырған Майқайың кентінің тұрғыны  Алтынгүл Қиса күніне 70 маска тігуде. Ол биылғы жылдың ақпан айынан жеке бөлме жалдап, өз ісін дөңгелетіп отыр. Қазақша үлгідегі қыз жасауын, құрақ көрпе, қазақша үлгідегі киімдер тігумен айналысады. Алдағы уақытта несие алып, кәсібін кеңейтуді жоспарлауда.

Оның айтуынша, елімізде орын алған жағдайға байланысты маскаға деген тапсырыс көбейген, күніне 70 шақты маска тігуде. Жалғыз үлгермей жатқанына байланысты жанына көмекші алған.

- Маскалардың бағасы 100 теңгеден сатылады, екі қабатты мақта матадан тігеміз, - дейді тігінші. - Қазіргі уақытта бар қаражатымды қажетті матаға салып жатырмын. Елдің қажеттілігін шешіп, кішкене болса да өз көмегімді тигізсем деймін.

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk