Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мәлім етті.

-    Қашықтықтан оқыту кезінде ұстаздарға жүктелетін жауапкершілік көп, - дейді Дінислам Болатханұлы. – Мұғалімдер видео сабақты жүктеп, оқушыларымен кері байланысқа шығуы керек. Бұл - Қазақстанда алғаш орын алып отырған жағдай. Сондықтан ата-аналарды түсіністікпен қарауын сұраймын. Баласының білім алуын қадағалап, онлайн сабақтарды қосып беруге көмек көрсетсе деймін. Ал, мұғалімдерге төленетін ақыға министрліктің бұйрығына сәйкес өзгеріс енбейді. Толық жалақыларын алады.

Өз кезегінде басқарма мұғалімдерге әдіснамалық көмек көрсетеді. Нұсқаулықтар, онлайн оқыту кезіндегі жұмыс алгоритмдері, платформаларды пайдалану бойынша оқыту бейнероликтері әзірленеді.



Дінислам Болатханұлының айтуынша, бүгінде өңірдегі мектеп қызметкерлерінің 90 пайызы қашықтықтан жұмыс жасауда. Тек мектептердің әкімшілік құрылымы күнделікті жұмысқа барады.

Сонымен қатар, қосымша білім беру ұйымдары да қашықтықтан жұмыс жасауға көшеді.

-    Облысымыздағы оқушылар сарайы, музыкалық мектептер сияқты қосымша білім беру ұйымдарының жұмыстары тоқтатылған, - деді басқарма басшысы. –  Ондағы педагогтардың бір бөлігі ақылы демалыста. Бұл ұйымдар қашықтықтан оқытуға көшеді. Сабақ өткізу үшін мектептер сияқты білім платформаларын пайдаланады.

Басқарма басшысы балаларының білім алуына немқұрайлы қарайтын ата-аналар мәселесіне де тоқталып өтті.

-    Бізде ондай отбасылар бар екені рас, - деді Дінислам Болатханұлы. – Егер сондай жағдай тіркелсе, «Отбасы және неке» деген кодексте ата-аналардың баланың қауіпсіздігін және білім алуын қамтамасыз ету туралы міндет бар. Осыған сай оларға шаралар қолданылады.

Айта кетейік, ата-аналар қашықтықтан оқытуға қатысты сұрақтар бойынша 87182 - 650060 нөмірі арқылы байланыс орталығына хабарласа алады.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ және ашық дереккөзден

pavlodarnews.kz

Тэги: