Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мәлім етті.

- 16 наурыздан бастап мектеп оқушылары көктемгі демалыста болса, балабақшалар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр, - деді Дінислам Болатханұлы. – Балалар балабақшаға баруда. Дегенмен, білім басқармасы ата-аналардың мүмкіндігі болса, балаларды үйде қалдыруды сұрайды. Бұл ретте балалардың балабақшалардағы орны сақталатын болады. Үйде болған балалардың қайта кезекке тұруының қажеттілігі жоқ. Сондай-ақ балабақша тәриешілерінің және облыстағы білім саласындағы қызметкерлерді қысқарту немесе жалақысын төмендету орын алған жоқ. Алдағы уақытта да өзгеріс енбейді. Бұл жекеменшік балабақшаларға да қатысты.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірде 394 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Бүгінгі күні мектепке дейінгі ұйымдарға 35607 тәрбиеленушінің 8159-ы немесе 23 пайызы барып жүр.

Сонымен қатар, облыс колледждеріндегі барлық 17 мың студент қашықтықтан білім алуда. «Серпін» бағдарламасымен өзге өңірлерден келгендер үйлеріне оралған.

- Колледждердегі 1701 педагог қашықтықтан жұмыс жасауда, - деді Дінислам Болатханұлы. – Облыстың барлық колледждері автоматтандырылған ақпараттық платформаларға қосылған. Қашықтықтан оқыту үшін «Googleclassroom», «Платонус», «E-stady», «Googledisk», «MOODLE», «Evront», «TAMOS» жүйелері және өз платформалары қолданылуда.

Еске салайық, бұған дейін мектеп оқушылары 4-тоқсанда қашықтықтан білім алатынын хабарлаған болатынбыз.

Ата-аналар қашықтықтан оқытуға қатысты сұрақтар бойынша 87182 - 650060 нөмірі арқылы байланыс орталығына хабарласа алады.

Оразбек Саяхат

Фото: ашық көздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk