Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, сағат шамамен 15.30-да куәгерлерден Усолка өзенінде көктемгі мұздың қауіпті екеніне қарамастан, балықшылар мұзда пикник жасап, мұз астында балық аулағаны туралы ақпарат келіп түскен.

-   Шақырту орнына келген сәтте кәмелетке толмаған балалары бар екі отбасылық жұп пикник ұйымдастырып, үстел мен орындықтар қойғаны анықталды. Бұған қоса, мұз үстінде кәуап дайындаған, - дейді департаментте.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері де шақырылды. Десе де, серуенге шыққан отбасы демалыс орнынан кететін сыңай танытпаған. Құтқарушылар ұзақ уақыт мұндай әрекеттің қауіпті екенін түсіндіргеннен кейін ғана кетті.

Департамент мамандары үнемі жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, балықшылар азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің ескертулерін елемейтінін және сол арқылы олар өз өміріне қауіп төндіретінін айтады.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ТЖД

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам