Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Павлодар облысында өрттің қауіпті кезеңі алтыншы сәуірде басталады. Алайда, қазірдің өзінде тұрғындардың отты абайсыз пайдалану салдарынан өртену оқиғалары орын алып жатыр.

- Облыс аумағында дала массивтері, саяжай учаскелерінің өртенулері орын алды, - дейді ТЖД-нің азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының орынбасары - тәуліктік кезекшілік үшін жауапты Жанас Рүстем. - Бірінші сәуір күні төтенше жағдайлар департаментінің пультіне отыз үш шақыру түсті. Кеше «Яблонька» саяжайының төрт учаскесінде ағаш үйлер мен қоршаулары өртенді.

Сонымен қатар, Жанас Рүстем сағат 16:00-де осы саяжайдағы тағы бір өрт туралы хабар келіп түскенін айтты. Усолка көшесі, 163 мекенжайында екі қабатты кірпіш үйдің ағаш бөлігі мен есіктері, он бес иесіз саяжай учаскесінде құрғақ шөп өртенген. Өрт сөндірушілердің бірлескен іс-қимылдарының арқасында өрт қысқа уақыт ішінде сөндірілді.

Сол күні Павлодар ауданының Черноярка ауылында өртену оқиғасы орын алды. Бұл туралы хабарлама сағат 12:00-де келіп түскен. Ашық алаңдағы қырық гектар аумақта шөп өртенді. Өрт сөндіру жұмыстарына тоғыз техника бірлігі жұмылдырылды. Өртену сағат 20:23-те толықтай сөндірілді.

- Сондай-ақ, Ертіс өзенінің жайылымдарында құрғақ шөп пен қамыстың өртену оқиғалары орын алды, - деді АҚ басқармасы басшысының орынбасары. - Қазіргі кезде өрт техникасының жайылым аумағына жетуі қиындап тұр. Жайылмалардағы қар толықтай еріген жоқ. Сол себепті жер батпақ. Бұл жерлерде ауыл әкімдері мен ерікті өрт жасақтары қоршауға алып, өрттің таралуына жол бермеді.

Осыған орай, Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды. Ережелерді сақтамаған тұлғаларға ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» Кодексінің нормаларына сәйкес шаралар қолданылатын болады.

pavlodarnews.kz

Тэги: