Бұл туралы онлайн режимде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімханов мәлім етті.

- Бас санитарлық дәрігердің шешімімен 1 сәуірден бастап облыстан шығу-кіруге шектеу қойылғаны белгілі, - деді Сұңғат Есімханов. - Облыстан көлікпен шығатын төрт негізгі бағытта посттар қойылды. Шідерті, Курчатов, Баянауыл жақтан және Семейге қарай төрт жолға бір тәулікте 215 көлік шықты. Басым бөлігі Шідерті мен Семейге қарай Аққулы бағытында өткен. Курчатов пен Қарағандыға 10-15 көліктен шықты. Айтарлықтай көп көлік ағыны байқалмады. 1 сәуір күні өңірге 327 көлік өткен. Оның 225-і - жүк көліктері. Жолаушыларға келетін болсақ, 514 адам кірген болса, 306 адам шыққан.

Спикердің айтуынша, төрт автомобиль бекеттерінде полиция департаменті мен тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының мамандары кезекшілікте тұрады.

Сол жерден адамдардың температурасын өлшеп, қайдан келгені және қай жаққа бет алғаны туралы сауалнама жүргізеді.

- Өткен тәулікте жүргізілген сараптама қорытындысы жақсы, - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары. – Бір тәуліктің ішінде дене қызуы көтерілген жолаушылар тіркелмеді. Көбінесе жүк көліктері мен транзиттік ағын, облыс аумағына дәрі-дәрмек, жеміс-жидек жеткізетін көліктер өтеді. Бір көлікті тексеруге он минут бөлінеді.


Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk