Бұл туралы баспасөз жиынында Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Біржан Досмаилов мәлім етті.

-    Ұшақ бортында 102 азамат келді және ішінде балалар да бар, - деді Біржан Досмаилов. – Кімнің қай өңірден екені анықталу үстінде. Қанша павлодарлық бар екені де әлі белгісіз. Ұшып келгендердің температурасын өлшеп, коронавирус белгілеріне тексерді. Сырт киімдеріне дезинфекция жасалғаннан соң автобустармен карантин орнына жеткізілді. Олардың жүктеріне де тазарту жұмыстары жүргізілді. Жолаушылар жүктерін карантиннен шыққаннан кейін ғана ала алады.

Спикердің айтуынша, әр адамға медициналық сараптама жасалады. Оның нәтижесі 1 тәулікте белгілі болмақ. Сол нәтижеге қарай қанша күнге карантинге жатқызылатыны анықталады.

-    Бұндай жағдайда жұмыс қалай атқарылатыны туралы еліміздің бас санитарлық дәрігерінің бұйрығы бар. Сол алгоритмге сәйкес әрекет етеміз. Егер COVID–19 анықталған болса, пациентті бірден инфекциялық стационарға жеткізіп, боксқа оқшаулайды, - деді Біржан Досмаилов.

Біржан Досмаилов азаматтар ұшақтан түскен сәттен бастап, карантин орнына жеткізілгенге дейінгі жұмыстарға жұмылдырылған мамандар тәжірибеден өткенін айтты.

-    Бұл іске жұмылдырылғандар бұған дейін тәжірибеден өткен қалай жұмыс жасау керектігін білетін мамандар, - деді Біржан Досмаилов. – Жүргізушілерден бастап барлық қатысқан адамдар нормаға сай киінді. Сақтық шараларын қолданды. Ал, азаматтар келген ұшақ – чартерлік рейс. Тазалық жұмыстарынан кейін бірден кері қайтты.

Сонымен қатар, басқарма басшысының міндетін атқарушы әлеуметтік желідегі адамдардың ұшақтың Павлодарға қонғанына қарсылығы жөнінде пікірін білдірді.

-    Бұл ұшақпен келгендер – біреудің туысы, біреудің баласы, біреудің жақыны. Барлық біздің елдің азаматтары. Сондықтан керісінше оларға қолдау білдіру керекпіз. Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің әр азаматы біз үшін маңызды, - деді Біржан Досмаилов.

Оразбек Саяхат
Фото: ашық дереккөзден

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk