Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 4 сәуір күні Түркиядан эвакуациялық рейс арқылы Павлодарға жеткізілген Нұр-Сұлтан қаласының 34 тұрғыны арнайы ұйымдастырылған автобуспен елордаға жөнелтілді.

-    Павлодар облысы мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдіктері тиісті келісімге келді, - деді баспасөз қызметінде. – Арнайы жасақталған автобус елордалық тұрғындарды карантиндік госпитальден Нұр-Сұлтандағы бақылау-өткізу пунктіне дейін жеткізеді. Сол жерден оларды елорданың әкімдігі жіберген арнайы көлік күтіп алады. Барлық рәсімдер эпидемияға қарсы дезинфекциялық шаралар режимін қатаң сақтай отырып жүргізіледі.

Әкімдіктің хабарлауынша, қалған жолаушылар, оның ішінде Павлодар қаласы мен Павлодар облысы тұрғындары карантиндік госпитальде қалады. Олар сол жерде 14 күнге созылатын медициналық бақылауда болады.

Естеріңізге сала кетейік, рейстегі 102 жолаушыдан алынған талдаулардан вирус табылған жоқ.

Фото: ашық дереккөзден

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk