Бұл туралы онлайн баспасөз конференциясында  Павлодар қаласы ПБ жергілікті полиция қызметінің басшысы Арман Қаптаев мәлім етті.

-    Облыс орталығында велосипед ұрлығы көбейіп келеді, - деді Арман Қаптаев. – Биыл көктемгі уақыттан бері 18 велосипед ұрлығы тіркелді. 13 іс ашылды. Қалған 5 іс бойынша жұмыс жасалуда. Өткен жылы осындай кезеңде 12 велосипед ұрлығы анықталған болатын. Соңғы жылдары велосипедті тек сатып пайда табу үшін ғана ұрлайтын болды. Ұрлаушылар интернет арқылы басқа адамдарға сатады.

Арман Қаптаевтың айтуынша, 17 мамыр күні 3 велосипед ұрлаған Павлодар қаласының тұрғыны ұсталған.

-    Ол бірнеше рет ұрлық жасаған. Уақытша қамау изоляторына жеткізіліп, 3 велосипед иелеріне қайтарылды. Қазір ол үй қамағында. Бұл адам телеграм каналы арқылы велосипедтерді сатпақ болған, - деді Арман Қаптаев.

Жергілікті полиция қызметінің басшысы ұрлықтардың 90 пайызы велосипед иелерінің мұқият болмауынан орын алатынын атап өтті.

-    Көбі көліктерін қараусыз қалдырып кетеді. Бекіткіш құралдарын пайдаланбайды. Тіпті қысқа уақытқа кетсе де велосипедтеріне мұқият қарамайды. Подъездерде түнгі уақытқа қалдырады. Кейде тіпті бекіткіш құралдарын да бұзып алып кететіндер бар. Сондықтан өте абай болған жөн. Тұрғындардан велосипедтерін қараусыз қалдырмауын сұраймыз, - дейді Арман Қаптаев.

Сонымен қатар, полицейлер велосипед иелеріне көліктің өзіне тиесілі екенін дәлелдеу үшін арнайы белгілер салып қою керектігін ескертті.

Оразбек Саяхат
Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, велосипед ұрлығы, ПД